Басты Жаңалықтар «Қайрат»-«Реал»: Р.Уразбахтиннің жоспары қандай?

«Қайрат»-«Реал»: Р.Уразбахтиннің жоспары қандай?

 «Реал Мадридке» қарсы ойында «Қайрат» алаңға қандай құраммен шығады? Қақпаны кім қорғайды? Клубтың бас бапкері Рафель Уразбахтин тарихи матч алдында көпшілікті толғандырған сұрақтарға жауап берді. Сонымен бірге алпауыт командамен болатын кездесуге қалай дайындалып жатқанын жеткізді. Уразбахтин әзірге құрам туралы айту өте қиын дейді. Әркімнің жағдайы, дене дайындығы әртүрлі. Ойын алдындағы жаттығудан соң белгілі болады деді. Сөзінше, біреу ойын күні немесе ойын алдындағы күні ауырып қалуы немесе жеңіл жарақат алуы мүмкін. Бұдан бөлек маңызды кездесуге Темірлан Анарбековтің қатыспайтыны белгілі болды. Ауруханадан жақында ғана шыққан ол әлі оңалтудан өтуі керегін айтты. Жаттығуға қатыса береді, бірақ алаңға оралуға уақыт керек. Ал Александр Заруцкий бір-екі күннен соң жаттығуға келеді деп отыр. Әзірге негізгі құрамаға Шерхан Қалмұрза шығуы ықтимал деген болжам бар. Бас бапкер бұл ойын «Реал» ойыншыларына да оңай болмайды деген пікірде.

Рафаэль Уразбахтин, «Қайрат» ФК бас бапкері:

Біз ұзақ рейс пен «Реал Мадридтің» тығыз кестесін ескеруіміз керек. Соңғы жеті-сегіз күнде олар үш рейс пен бірнеше матч өткізеді, егер қателеспесем, ротация болуы мүмкін. Біз мұны өзіміз де бастан өткердік. Ұзақ ұшу мен климатқа бейімделу оңай болмайды деп ойлаймын. Дәл қазір қандай да бір нақты нәтиже туралы айтқым келмейді. Бар назарымызды ойынға аударамыз. Шабуылда да, қорғаныста да тепе-теңдікті сақтауға тырысамыз. «Спортингке» қарсы кездесудің екінші таймындағы 15 минут біз үшін айқын болды. Біз матчты осыған ұқсас жолмен бастағымыз келеді.

Чемпиондар Лигасының 15 дүркін чемпионымен бетпе-бет келуге қазақстандық клуб қызу дайындалып жатыр. Жақсы ойын көрсетіп қана қоймай, жанкүйерлерді қуантуға барымызды саламыз, дейді команда капитаны.

Әділет Садыбеков, «Қайрат» футбол клубының команда капитаны:

Үлкен жауапкершілікпен дайындалып жатырмыз. Алдымыздағы бір апта бойы жоспар құрып, осындай үлкен клубқа қалай тойтарыс беру керегін қарап, есептеп, бүкіл жағынан қарап пихологиялық тұрғыда да өзімізге сенімді болып ойын көрсетеміз деген ойдамын. 




Бөлісу