Басты Жаңалықтар Жол саласында бір ғасырға жуық еңбек еткен әулет

Жол саласында бір ғасырға жуық еңбек еткен әулет

Жұмысшы мамандық жылына орай қатардағы еңбек адамдарын таныстыруды жалғастырамыз. Бүгінгі кейіпкеріміз – Шымкент қаласындағы  Сағынтаевтар әулеті. Бұл отбасының үш буыны да жол саласында еңбек етіп келеді. Әулеттің ортақ еңбек өтілі бір ғасырға жуықтап қалған. Жолшылар династиясы жайлы аймақтағы әріптесім Ернұр Уәлихан баяндайды.

Сағынтаевтардың жұмыс күні әдетте жол сапасы жайлы қызу пікірталастан басталады. Әулеттің ақсақалы Шәкірт ата жас күнінен жинаған көне кітаптарын әлі күнге дейін сары майдай сақтап отыр. Өйткені жол сапасының қыр-сырын үйрену үшін білім мен тәжірибенің орны бөлек дейді еңбек ардагері.

Шәкірт Сағынтаев, жол саласының ардагер қызметкері:

Жастар сұраса айтамыз. Сұрамаса, өзі біледі деп жүргенбіз. Бірақ қызығушылықты бойына сіңірдім, айттым. Мынау сенің өміріңде ең есте қалатын тірлігің деп. Біреу саған үйретпейді. Кітапты оқы. Түсінбегеніңді сұра, жұмыс істе, бұдан береке табасың деймін.

Әкесінің еңбек жолына қызығып өскен Қайрат бүгінде Ұлттық сапа орталығының  Түркістан филиалында инженер. Оның айтуынша, сапалы жол – ел экономикасының дамуына тікелей ықпал етеді. Сондықтан әрбір материал мен технологияның дұрыс қолданылуына ерекше мән береді. Бүгінде ол кәсіби білімі мен тәжірибесін ұлына үйретіп, кәсіби дәстүрдің үзілмеуіне үлес қосып келеді.

Қайрат Сағынтаев, Ұлттық сапа орталығы Түркістан филиалының бөлім басшысы:

Балама менен артық ақыл-кеңесін беретін адам жоқ. Мен өзім осы жол саласында жұмыс істегеннен кейін осыны өзім ұнатамын, сол себептен мен де солай шешім қабылдадым.  Балама білгенімді үйретіп жүрмін.

Әулеттің үшінші буыны – Саят. Колледжде жол құрылысы мен сапасын зерттеу мамандығын оқып жүр. Алғашқыда бұл салаға қызықпағанымен, атасы мен әкесінің кеңесімен кәсібін таңдаған. Сабақтан тыс уақытта олардан тәжірибе жинап, болашақта білікті маман болуды армандайды.

Сағынтаевтар әулеті – қарапайым еңбектің қадірін көрсеткен жанұя. Үш ұрпақтан бері жол саласында жұмыс істеп, елдің инфрақұрылымын жақсартуға үлес қосып келеді. Еңбектің бағасын білу – олардың басты өмірлік ұстанымы

Саят Шәкірт, немересі:

Осы мамандықты таңдасам, дұрыс болады деген ой келді. Оның себебі менің әкем бұл салада жұмыс істейді. Атам осы салада жұмыс істеген. Олар көп нәрсені біледі. Мен білмей қалған жерлерді үлкендерден сұрап, осы мамандықты игеріп, жақсы маман болып кетсем деп, осы мамандыққа келдім.

 


Бөлісу