Басты Жаңалықтар Әлем біріншілігінде топ жарған боксшылар марапатталды

Әлем біріншілігінде топ жарған боксшылар марапатталды

Боксты ұлттық спорт деңгейіне көтеру керек. Осылай деген Мемлекет басшысы Әлем біріншілігінен олжалы оралған боксшыларды Ақордада арнайы қабылдады. Жалпы командалық есепте бірінші орын алған спортшылар мен бапкерлердің еңбегіне алғыс білдірді. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрама алдына тағы бір міндет жүктеді. Тілшіміз тарқатады.

Британиядағы біріншілік біз үшін табысты болды. 7 алтын, 1 күміс және 2 қола. World Boxing аясында алғаш рет өткен Әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы командалық есепте бірінші орынды иеленді.

Қайрат Сәтжанов, бокстан Қазақстан ерлер командасының бас бапкері:

Ауызбіршіліктің арқасында деп ойлаймын. Бізде командада береке-бірлік бар. Соның арқасында осындай жеңіске жеттік деп ойлаймын.

Ағайынды Сабырхандар әлемді аузына қаратты. Бір үйден қос чемпион шығып, тарихқа есімдерін алтын әріппен жазды. Төрехан тұғыр төрінен көрінгенде ағасы Махмұдтың иыққа алып көтергені көпшілік көңілін елжіретті.

Махмұд Сабырхан, бокстан Әлем чемпионы:

Алғаш қатты қуана алмадым. Менен кейін кешкі сессияда Төрехан бокстасты. Арманымыз – екеуіміз де финалға шыққаннан кейін чемпион болып қайту. Мен чемпион болдым, Төрехан ғана қалып тұрған. Сосын тіледім Төрехан чемпион болса екен деп. Сол Төрехан үшін тақым қысып отырдым. Көрдіңіздер, бойды жұлып алды. Сөйтіп тарих жасап, бір үйден екі чемпион болып қайттық.

Президент бұл жеңісті сәттер еліміз үшін тарихи оқиға, халқымыз үшін үлкен қуаныш екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Сондықтан жеңіс тұғырынан көрінген спортшылармен қатар бұл айтулы жеңіске үлес қосқан әрбір азаматты құрметтеуіміз керек. Бокстағы жоғары бәсекелестікті, сондай-ақ оны дамытудың заманауи үдерістері пайда болғанын ескере отырып, Ұлттық құраманы даярлауға кәсіби мамандарды тартып, озық инновациялық шешімдерді белсенді енгізу қажет.

Олимпиада ойындарында еліміз алған 15 алтын медальдың жетеуі боксшылардың еншісінде. Сондықтан бұл спорт түрін дамытуға ерекше көңіл бөлінеді деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Балаларға арналған жаттығу залдары, үйірмелер ашылуда. Ауылдық жерлерде заманға сай спорт кешендері бой көтеруде. Менің тапсырмаммен биыл Ұлттық спорт университеті ашылады. Боксты дамытуға арналған нақты шаралар қолға алынып жатыр. Жалпы, біздің еліміздің бокстағы әлеуеті орасан зор. Мұны әлемдік спорт қауымдастығы да мойындайды. Спортшыларымыз – өте дарынды, әлем чемпиондары аз емес. Сондықтан мемлекет боксқа басымдық беріп, оны ұдайы назарда ұстайды. Осы бағыттағы жұмыс жүйелі түрде жүргізілуге тиіс. Біз боксты ұлттық спорт деңгейіне көтеруіміз керек. Бұл – өте маңызды міндет.

Сөз арасында Қасым-Жомарт Тоқаев боксты Олимпиада ойындарының бағдарламасына қайтаруға атсалысқаны үшін Геннадий Головкинге ризашылығын білдірді. Даңқты спортшының жігерлендіруі спортшыларымызға да көмектескен.

Аида Әбікеева, бокстан Әлем чемпионы:

Бірінші бойдан кейін Генадий Головкин маған жақындады. Айтқаны: өзіңе сенсең, сен бәрін жеңесің. Тек қана өзіңе сенуің керек. Соның сөзінен шабыт алдым. Тоқтамай, алға бастым.

Құрмет, ерен еңбегі үшін. Боксшылар мен бапкерлердің көп жылғы еңбегі ақталып, Президент қолынан жоғары дәрежелі марапат алды.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Осылайша британ жерінде қазақ боксының айбынын көрсетіп, ел мерейін асқақтатқан спортшыларға ерекше құрмет көрсетілді. Дегенмен босаңсуға болмайды дейді Президент. Алда байрақты жарыстар. Мемлекет басшысы Лос-Анжелестегі олимпия ойындарына дайындықты қазірден ширату керек деп тапсырма жүктеді.


Бөлісу