Брюссельде Газадағы ахуал жайлы көрме ашылды
«Газа: Үміт пен Төзімділік тарихы». Брюссельде осындай атпен Палестиндік суретшінің көрмесі ашылды. Ахмед Муханна Газадағы халықтың тыныс-тіршілігін картон қағаздарға салып, сөйлеткен. Жылжымалы көрмені БҰҰ-ның Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы ұйымдастырып отыр. Соғыс аймағындағы халықтың ахуалын бейнелеген көрме еуропалықтарды бей-жай қалдырмады.
40 сурет, тәлкекке түскен қырық тағдыр. Газа тұрғыны, суретші Ахмед Муханна қақтығыс аймағындағы халықтың қайғы мұңын картон бетіне түсірген. Оқ тиіп, аман қалғандар, бомбадан жаралағандар. Қабырғадағы жансыз бейне емес, құдды өзіңмен бетпе-бет кездесіп тұрғандай әсер қалдырады.
Нұрсұлу Қасым, тілші:
Суреттегі мына бозбала фотограф болуды армандаған екен. Бірақ сұм соғыстың кесірінен оң қолынан айырылған. Қазір сол қолымен түсіруге машықтанып жүр. «Жауларым қолымды шапқанымен, арман мақсаттарыма балта шаба алмайды» депті суретшіге.
Суретші Ахмед Муханна Брюссельге келе алмады. Оның аманатын Еуропаға Алия Заки жеткізді. 27 жастағы қыз Палестинадағы БҰҰ-ның Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының қызметкері. Көрмедегі кейіпкерлердің бәріне куәгер.
Алия Заки, БҰҰ-ның Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының қоғаммен байланыс қызметкері:
Газадағы жағдай өте ауыр. Жарты миллион адам аштықтан қырылудың алдында, қырылып жатыр. Тағы екі миллионнан астам адам азық түлікке зәру. Біз көмек жеткізуге тырысқанымызбен, шектеу көп. Ахмед Муханна суреттерін осы азық-түліктен қалған картон қораптарға салып, мұндағы қайғыны көпшілікке жеткізгісі келді.
Бір үзім нан, бір жұтым суға зар болған тұрғындар. Аштықтан шетінеген сәбилер. Шаранасын өлді деуге қимай құшағына қысқан шарасыз ана. Қол аяғынан айырылған мүгедектер. Олардың тән жарасы әлдеқашан жазылған. Бірақ жан жарасы ешқашан жазылмасы анық, дейді көрмеге келушілер.
Алекси Дюбэ, Брюссель қаласының тұрғыны:
Суреттерге қарап, эммоцияңды жасыру мүмкін емес. Суретші шарасыздықтан картонды пайдаланып, Газадағы ахуалды бізге бүкпесіз жеткізген. Ауыр қайғы. Бұл көрмені мейлінше көп адам тамашалауы тиіс.
Палестиндік суретшінің туындыларын бельгиялықтар төрт күн тамашалай алады.
Онан соң жылжымалы көрме Франция, Германия, Дания мен Швецияда көрсетіледі.
Шараны ұйымдастырушылардың мақсаты - ЕуроОдақ пен жаһандық қауымдастықтың назарын
қақтығыс аймағына аудару. Екі жылға созылған соғысты тоқтатуға шақыру.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
