Ауыл тұрғындары бастарын қатерге тігіп жүр
Ақтөбе облысындағы Қызғалдақты ауылының тұрғындарының қалаға қатынауы мұң болып отыр. Өйткені, қоғамдық көліктерге міну үшін олар темір жолдың арғы бетіне жандарын шүберекке түйіп, вагондардың астымен өтіп жүр. Олай етпесе, аялдамаға дейін айналма жолмен төрт шақырым жаяулап барулары керек. Халықтың өткел салып беруді сұрап жүргендеріне он жылдың жүзі болған. Алайда мәселе шешілер емес.
Жақсыбек Кемал, тілші:
Тұрғындар қалаға бару үшін темір жолдың үстімен өтеді. Ал мұнда жүк пойыздары көп тұратындықтан, осылай вагондардың астымен өтуге мәжбүр. Күз бен қыс мезгілінде қатынас тіпті қиындайтын көрінеді.
Бұл ауылда елуге жуық түтін бар. Тұрғындар күн сайын облыс орталығына және көрші Қурайлы ауылына бару үшін жолға шығады. Бұл жерден такси тоқтату да қиын. Тұрғындар бастарын қатерге тігіп, алдымен темір қоршаудан, одан кейін көліктер жүйткіп жатқан жолдың келесі бетіне өтеді. Айтуларынша, соңғы 7-8 жыл ішінде онға жуық адамды көлік қаққан.
Гүлшара Төлесінова, Қызғалдақты ауылының тұрғыны:
Өтіп бара жатқанда көлік қағып кетті. Бұған дейін атамның ағасын, кейін қайынағамның келінін де көлік соққан. Такси жүргізушілері жиі жүреді. Сол кезде садақасына көмектестік. Бұл трасса біз үшін өте қауіпті. Теміржол да қиындық тудырып тұр. Бізге өткел салып берсе екен.
Ауылдан Ақтөбе-Мәртөк трассасына дейінгі аралық 300 метрдей ғана. Алайда екі ортада темір жол бар. Тұрғындарыдң қауіпсіздігі үшін жер үсті өткелі қарастырылмаған. Ал аялдамаға дейін айналма жолмен бірнеше шақырым жаяу жүру балалар мен қарттар үшін мүмкін емес. Сондықтан, қатерлі болса да тура жолды таңдауға мәжбүр.
Әлібек Шығыров, Қызғалдақты ауылының тұрғыны:
Вагондар жиі тоқтап қалады, сондықтан бәріміз балалар да, өзім де пойыздың астынан өтуге мәжбүр боламыз. Қыста тіпті қиын, пойызды қар басып қалады да, жағдай одан сайын күрделене түседі.
Жауаптылар ауыл тұрғындарына өткел мен аялдама салып беруге он жыл бұрын уәде берген. Алайда, одан бері ештеңе өзгермеді.
Мирас Қажыбаев, Астана аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:
Қазіргі таңда бұл экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Себебі ол тұрғын алабы өте кішкентай, халық саны да аз. Сондықтан қаржы бөлуді экономикалық жағынан дәлелдеу қиын.
Әкімдік тұрғындар үшін жол бойына тек аялдама салынатынын
айтты. Бірақ ол да елді мекеннен жырақта орналасады. Жауаптылардың айтуынша,
оны ауылдың дәл іргесіне қою аса қауіпті.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
