Басты Жаңалықтар Тұтас ауыл қос чемпионды күтіп алмақ

Тұтас ауыл қос чемпионды күтіп алмақ

Ағайынды Махмұд пен Төрехан Сабырхандардың туған ауылы Шымкенттің іргесіндегі Маятас елді мекенінде екі күннен бері үлкен қуаныш. Әлемдік додада топ жарған қос батырдың жеңісіне масаттанған ағайын-туыс, тұтас ауыл тіпті жол-жөнекей өткен кісілер құтты болсын айтып, ағылып келіп жатыр. Мықтылығын бүкіл әлем мойындаған қос спортшының шаңырағына біздің түсіру тобымызда да барып қайтты.

Қос ұлдың жеңімпаз атанғанын естіп, құтты болсын айтқан жұрт чемпиондарды тәрбиелеген ата-анасына алғысын жаудыруда. Бұған дейін үлкен додаларда Махмұдтың жетістігіне қуанған Маятас тұрғындары енді Төреханның да жеңімпаз болғанын мақтан тұтады. Олар жұдырықтасқан күні тақым қысқан жұрт жарысты ауылдағы үлкен экраннан тамашалады.

Ауыл тұрғындары Сабырхандар отбасын чемпиондар әулеті деп атайды. Өйткені қос ұлдың әкесі Айдархан Сабырхан да кезінде күреспен айналысып, боз кілемде атой салған. Сондықтан ұлдарын кішкентайынан спортқа баулып өсірген. Кейбір спорт құралдарын өзі қолдан жасапты. Ол да сақтаулы тұр. Төреханның ережесіз жекпе-жектен жеткен жетістігі орасан. Ал Махмұд 4-сыныптан бастап бокспен шұғылданыпты.

Айдархан Сабырхан, Маятас ауылының тұрғыны:

Жылқы бағып жүретінбіз. Малағын алу үшін шелекке салып алып, кетіп бара жатып-ақ әр 10 метр сайын жаттығу жасап отыратын. Қырға қарай бара жатып 15 рет, ары қарай тағы жүгіріп 20 рет итерілу жасайтын. Осылайша жаттығуын үдете беретін. Төрехан да ағасының істегенін қайталап, бірге жүгіретін. «Мен чемпион боламын» деп қырдың үстінен сайға қарай өршелене жүгіретін.

Чемпиондардың  анасы - қарапайым мейірбике. Қос қыраным рингкке шыққанда соққыларды көруге шыдамай көрші бөлмеде күтіп отырамын дейді. Соңғы кездесулерде қатты қобалжығанымен Махмұдқа сенгенін айтады. Жеңімпаздардың жетістігі ауыл балаларына да үлгі. 

Әлтай Қамбар, оқушы:

Бокспен айналысқаныма 4 жыл болды. Менің көптеген жетістіктерім бар. Мысалы, аудандық, қалалық жарыстардан чемпион атандым. Мен Сабырхан Төрехан ағама ұқсағым келеді.

Күрзі жұдырық қос батырдың сүйікті тағамы – жылқының еті. Қазы мен қарта оларға күш береді дейді алыс сапардан келе жатқан ұлдарына өз қолымен ас дайындаған анасы. Әлемді мойындатқан мықтыларды күтіп алуға тұтас ауыл тас түйін дайын.


Бөлісу