Басты Жаңалықтар Әлем чемпиондары елге оралды

Әлем чемпиондары елге оралды

Әлем чемпиондары елге оралды. Англияның Ливерпуль қаласында өткен былғары қолғап бәсекесінде тарихи жетістік тіркеген спортшыларға жанкүйерлердің ықыласы ерекше. Қазақстан 7 алтын, 1 күміс,  2 қола медальмен жалпы есепте көш бастап тұр.

Махмұд пен Санжар Серік Сапиевтің жолын жалғап екі дүркін жеңімпаз атанды. Әнұранымызды әлемге тыңдатқан саңлақтарға жұртшылық жылы тілегін жаудырып жатыр.

Расында, бұл жолғы жаһандық жарыста жерлестеріміз жасындай жарқылдады. Әсіресе аса ауыр салмақтағы алғашқы алтынның құны жоғары. Айбек Оралбай талай жылдан бері өзбек боксшылары еншілеп алған 90+ салмақта топ жарды. Қарсыласы қайта-қайта қапсыра құшақтап, төреші бұра тартса да Айбек соңына дейін барын салды. Еңбек ақталды.

Айбек Оралбай, Бокстан Әлем чемпионы:

«Айбек бұл — сенің соңғы жекпе-жегіңдей болсын, бар күшіңді сал» деп жігер берді. Өйткені өзбектермен есеп 6:6 болып тұрған. Сенің жеңісің бәрін шешеді, командалық 1-орынды аламыз деп ағайлар да қолдады. Сол сөздер жігер беріп, рингке тек жеңіске деген құштарлықпен шықтым.

Шаршы алаңда шын шеберлігін көрсеткен қазақтың қайсар қыздары мықтылығын тағы бір мәрте дәлелдеді. Олардың қатарында Алуа Балқыбекова, Аида Әбікенова, Наталья Богданова, күміс жүлде иеленген Назым Қызайбай және қола жүлдегерлер Виктория Графеева мен Елдана Тәліпова бар.

Алуа Балқыбекова, Бокстан Әлем чемпионы:

Жартылай финал сәл қиын өтті. Үшінші раундта қытайлық спортшымен кездесіп, дұрыс тактика құрғанымыздың арқасында жеңіске жеттім. Ал финалда екі дүркін Олимпиаданың күміс жүлдегерімен жолығып, тыңғылықты дайындықтың нәтижесінде жеңісті қолдан бермедік.

Наталья Богданованың жеңісі теріскей спортын бір серпілтіп тастағаны анық. Себебі солтүстікте әуесқой бокста қыздар арасынан ешкім әлем чемпионы атанып көрмеген. Алтыннан алқа тағынған Натальяны жерлестері иығына шапан жауып, асқан құрметпен қарсы алды. 

Назым Қызайбай да жеңгендей еді. Төрешілердің шешімі басқаша болды. Десе де тәжірибелі қыз сынған жоқ, күмісті күліп қабылдады. Кімнің басым болғаны елге мәлім. Жалпы Тұманды Альбиондағы  былғары қолғап бәсекесі «Қазақстан - ұлы бокс державасы» деген ұғымды қайта әкелгендей...

Қайрат Сәтжанов, Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері:

Балалар жақсы еңбек етті. Талай мамандар бізбен жұмыс атқарды. Америкадан келген ағайындылар көмектесті. Диетологтарымыз бар. Психологтарымыз бар. Бұл барлығымыздың ортақ жеңісіміз деп ойлаймын. Алда алар белестеріміз өте көп. Солардың бәрін бағындырамыз деген ойдамыз.

Ливерпульдегі байрақты бәсекеге 70-ке тарта елден, 540 боксшы қатысты. Көш бастап тұрған Ұлттық құраманың ендігі мақсаты - Олимпиада ойындарында  ел үмітін ақтау екені сөзсіз.


Бөлісу