Сенат төрағасы: Жанжалдар бейбіт әрі дипломатиялық жолмен шешілуі тиіс
Әлемдегі гуманитарлық дағдарыстар мен мәдени мұралардың жойылуы алаңдатып отыр. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев жаһандағы күрделі геосаяси ахуалға қатысты осындай пікір білдірді. Бүгін елордада Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлері съезі қарсаңында Хатшылықтың отырысы өтті. Сенат спикерінің айтуынша, саяси толқулар, идеологиялық қарама-қайшылықтар мен сенім дағдарысы күшейген. Осындай жағдайда жанжалдарды тек саяси-дипломатиялық және бейбіт жолмен шешудің маңызы ерекше. Сондай-ақ елордада өткен жиында Біріккен Ұлттар Ұйымы діни нысандарды қорғауға шақырды. Толығырақ тілшіміз баяндайды.
Әртүрлі дін өкілдерінің Астанада басқосуы дәстүрлі шара. Биылғы жиынға 60 елден 700-ге жуық делегат келген.
Хатшылық отырысында сөз сөйлеген Сенат төрағасы әлемдегі күрделі жағдайға назар аударды. Украина мен Газадағы қақтығыстар салдарынан жазықсыз жандардың қаза табуына алаңдаушылық білдірді. Әшімбаевтың айтуынша, кез келген жанжал тек БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқық нормаларына сәйкес, бейбіт жолмен шешілуі қажет.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
Мұндай жағдайда сындарлы және жасампаз күштердің бірлесіп әрекет етуі аса маңызды. Әлемдік діндер көшбасшыларының жұдырықтай жұмылуы жаһандық проблемаларды шешуге, әлемдегі шиеленістерді азайтуға және диалог пен өзара құрмет мәдениетін дәріптеуге ықпал ететіні анық.
Дін – ізгілікке жетелейтін жол. Алайда бүгінде әлемге өзара түсіністік жетіспей отырғаны жасырын емес. Форумға қатысушылардың пікірінше, мұндай кезеңде рухани көшбасшылардың рөлі ерекше.
Наурызбай қажы Тағанұлы, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының төрағасы:
Қазіргі таңда кейбір тұстарда соғыстың тоқтауына үлес қоса алмады дегенмен, басқа да жерлерде көптеген қақтығыстардың алдын-алу, қақтығыс бола қалған жағдайда оны тоқтату өзіндік үлесін қосып жатыр деп әбден айтуға болады. Бүгінгі съез де бейбітшілікке үлес қосады деп сенеміз.
БҰҰ: Діни нысандарды қорғау – адамзат алдындағы маңызды міндет
Биылғы съезд аясында алғаш рет Біріккен Ұлттар Ұйымы ұйымдастырған арнайы сессия өтті. Ол діни нысандарды қорғау мәселесіне арналды. БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Мигель Моратиностың сөзінше мешіттерге жасалған террорлық шабуылдардан кейін ұйым арнайы іс-қимыл жоспарын әзірлеген. Енді киелі орындар назардан тыс қалмай, қатаң қадағалауда болуы тиіс.
Мигель Анхель Моратинос, БҰҰ бас хатшысының орынбасары – БҰҰ өркениеттер альянсының жоғары өкілі:
Мұндай шабуылдарды лаңкестік топтар ұйымдастырады және олардың басты мақсаты – қоғамымызды күйрету, белгілі бір кері әсерге қол жеткізу, оның ішінде халыққа қорқыныш пен қайғы әкелу. Діни нысандарды қорғау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету - адамзат үшін маңызды қадамдардың бірі. Адам құқықтары аясында осы нысандардың қорғалуын қамтамасыз етуіміз керек.
Дебра Будро, буддистік «Цзы Цзи» қорының өкілі:
Жаһандағы қауіпсіздік қазір шатқаяқтап тұр. Осы ретте бүгінгідей шаралардың өтуі маңызды. Себебі мемлекеттер мен халықтар арасындағы сенімсіздік күшейген тұста, діндер мен рухани көшбасшылардың үнқатысуы қоғамды тұрақтылыққа жетелейді. Ең бастысы – бұл кездесулер арқылы әлем қауымдастығына бейбітшілікке, бірлікке және өзара түсіністікке жетудің жолы бар екенін көрсете аламыз.
Жиында жоғары өкіл Қазақстанның жаһандық деңгейде бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтудағы батыл қадамдарын жоғары бағалады. Ал Сенат төрағасы вандализм мен қасиетті нысандарды қорлау көбейгенін айтып, мұндай қауіп-қатерге қарсы күресті күшейту қажет екенін айтты.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Съездің негізгі отырысы ертең өтеді. Биылғы тақырып діндер диалогы: болашақ жолындағы синергия деп аталады. Сонымен қатар ертең және арғы күні жас дін көшбасшыларының жиыны, сараптамалық отырыстар және кітап тұсаукесерлері мен екі жақты кездесулер жоспарланған.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
