Президент Көкшетау қаласының 2050 жылға дейінгі Бас жоспарымен танысты
Көкшетау қаласында алпысқа жуық өнеркәсіп кәсіпорнына есептелген индустриялық аймақтың іргетасы бой көтереді. Сондай-ақ тұрғын үй кешендері, бизнес және сауда орталықтары, әлеуметтік нысандарды қамтитын заманауи іскерлік орталығы салынбақ. Президент жұмыс сапары қарсаңында қаланың 2050 жылға дейінгі Бас жоспарымен танысты.
Раушан Сайлауқызы, тілші:
Астыққа бай, аграрлы аймақ Ақмоланың орталығы – Көкшетау қаласы. Қопа көлін бойлай орналасқан Көкшетау танымал өнімдермен ғана емес, таңғажайып табиғатымен де ерекше. Соңғы жылдары қаланың инфрақұрылымы да қарқынды дамып келеді
Соңғы жылдары өңірде бой көтерген нысандар аз емес. Қазірдің өзінде жылу электр орталығы, облыстық көпбейінді аурухана, азаматтық қорғаныс академиясы және көпфункционалды спорт кешені, салынып жатыр. Президент енді бой көтеретін футбол стадионын 10 мың орынға лайықтап салуды тапсырды.
Қала халқының саны алдағы жылдары жарты млн-ға жетеді деген болжам бар. Сондықтан жаңа құрылыс алаңдары да қажет. Президент тапсырмасымен өңірде өткен жылы «Тозығы жеткен үйлердің реновациясы» бағдарламасы жүзеге асқан еді. Мәселен, мына маңдағы 13 ескі үй сүріліп, орнына инвесторлар есебінен 230 пәтерлі 2 жаңа тұрғын үй кешені салынды. Нәтижесінде үйі тозған 100 адамға пәтер тегін берілді. Баспаналы болғандардың бірі – көпбалалы ана Диляра Шахманова.
Диляра Шахманова, қала тұрғыны:
Қабырғалары көгеріп, құлауға жақын еді. Үйіміз апатты жағдайда болды. Сонда 10 жыл тұрдық. Балаларымның өмірі үшін қорқатынмын. Кейін осы бағдарламаның арқасында міне баспаналы болдық. Қуанышымызда шек жоқ.
Әли Әлиев, «Kokshe» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы АҚ төрағасының орынбасары:
Бағдарлама аясында 2025-2029 жылдар аралығында 175 үйді сүріп, оның орнына осындай 32 тұрғын үй кешенін салуды жоспарлап отырмыз. Бұл тағы 3,500 отбасы, яғни 10 мыңға жуық адамның баспаналы болуына мүмкіндік береді.
Президент бұдан соң « Көкшалғын» саябағына барды.
Ақжол Қылышбаев, Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары:
Бұл жоба бойынша ұзындығы 3 шақырым. Бұрын болған 4 саябақты біріктіріп, 4 жобаны қосып жаяу жүретін адамдарға жасап жатырмыз.
Саябаққа автоматты суару жүйесі, құрғақ субұрқақ, декоративті шамдар мен сәнді орындықтар орнатылмақ. Демалыс аймағы биыл ғана абаттандырылған «Жағалаумен» түйіседі.
Раушан Сайлауқызы, тілші:
Бұрын жағасын қамыс басқан, Қопа көлінің биыл жаңа тынысы ашылды. Айнала жасыл желектер отырғызылып, көл жағалай спорт пен ойын алаңдары, аттракциондар, веложолақтар мен тамақтану орындары салынды. Ұзындығы 6 шақырымнан асатын жағалау бүгін де қала тұрғындарының сүйікті орнына айналып үлгерді.
Алмагүл Жаманбаева, қала тұрғыны:
Өте ұнайды, жағалау бізге. Далаға шыққанда қандай демалыс, таза ауа. Бұрын келетінбіз, мына жердің бәрі шөп басқан, ағаштар. Жүре алмайтын, лас болатын.
Ханым Шайх, қала тұрғыны:
Отбасымызбен күнде келетін болдық. Өте ыңғайлы. Балалар ойнайтын жерлер бар. Күнде осында серуендейміз.
Президент саябақта жергілікті зиялы қауыммен әңгімелесті.
Бұдан соң Мемлекет басшысы телекөпір арқылы Қосшы қаласын табиғи газға қосу рәсіміне қатысты.
Марат Ахметжанов, Ақмола облысының әкімі:
Қосшы қаласын газбен қамтудың бірінші кезеңі іске қосылмақ. Қаланың 30 мың тұрғыны табиғи газға қол жеткізуге мүмкіндігі бар. Газ қосуға рұқсат етіңіз.
Ұзындығы 409 шақырым болатын магистральді желі арқылы сағатына 32 800 текше метр көгілдір отын тасымалданады. Жобаның жалпы құны 11,4 миллиард теңге. Бұдан соң Президентке Digital Aqmola орталығының цифрлық мүмкіндіктері таныстырылды. Облыстың тыныс-тіршілігі осы орталықтан басқарылады. Өңір басшысы инвестиция тарту, өңдеу, агроөнеркәсіп кешені мен құрылыс саласында жаңа жобаларға да тоқталды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
