Лондонда әнші Димаш Құдайбергеннің концерті өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Лондонда әнші Димаш Құдайбергеннің концерті өтті

20.11.2018

Қазақтың өнерпаз баласы Лондон көрермендерін тәнті етті. Димаштың кеше түнде Ұлыбританиядағы тұңғыш концертінде зал көрерменге лық толды. Былтыр Қытайдағы байқау арқылы миллиондаған адамның жүрегін жаулаған Димаш енді еуропалықтарды да тамсандырды.

Индира Бектенова, тілші:

Бүгін қазақ өнері үшін айтулы оқиға. Лондон төріндегі үздік сахналардың бірінде Қазақ елінің мақтанышы Димаш Құдайберген өзінің жеке концертін өткізіп жатыр. Ал, алыс-жақын шетелден келген жанкүйерлер болса, бұл тарихи сәтті өздерінің ұялы телефондарына түсіріп алуға ұмтылуда.

3 мыңға жуық адамға арналған О2 аренасының Индиго залы көрерменге лық толды. Жиналған жұрт әуендетіп, Димашқа ерекше ықылас танытты. Лондон сахнасында бас-аяғы 28 ән орындалып, әсіресе, домбыраның күмбірлеген дауысы жиналғандарды ерекше күйге бөледі. Ал, «SOS» әні мәнерлеп сырғанау шебері Денис Тенді еске алуға арналды.

Осылайша, бірнеше сағатқа созылған концерт аяқталды. Бірақ, сахна жиналып жатса да, көрерменнің кеткісі жоқ. Олар біраз уақытқа дейін Димаштың есімін айтып тұрды. Халықтың Димашқа деген махаббаты шексіз екенін осындай сәттерден-ақ байқауға болады.

 

Индира БЕКТЕНОВА

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу