Димаштың бұл концерті көрерменнің көптігімен рекорд орнатуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Димаштың бұл концерті көрерменнің көптігімен рекорд орнатуы мүмкін

23.09.2022

Әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайбергеннің Алматыдағы алғашқы концерті өтіп жатыр. Ғаламат шоуды қазақстандықтармен қатар жер жаһаннан жиналған шетелдік жанкүйерлерді қосқанда, 30 мыңнан астам адам тамашауда. Ән кешін ұйымдастыруға 200-ден астам адам, 400-ден аса ерікті жұмылдырылған.

Жазира Оразқызы, тілші:

Әншінің өнеріне тәнті 30 мыңнан астам адам керемет кештің куәсі болып жатыр. Ашық аспан астында тамаша мерекелік шара болып жатыр. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген жанкүйерлердің ықыласы ерек. Олар қазақтың талантты ұлына барынша қолдау көрсетіп жатыр. Димаштың бұл концерті көрерменнің көптігімен рекорд орнатуы да мүмкін. Бұл ғажап емес пе?! Қазақтың атын әлемге танытқан Димаш миллиардтаған жанкүйердің басын қазақ жерінде біріктіріп отыр. Ұйымдастырушылардың сөзінше, бүгінгі кеште Димаш 31 композиция орындайды. Оның ішінде көптің жүрегін жаулаған, сүйіп тыңайтын әндер де, жаңа туындылар да бар. Шоу барысында әртісті оның бэнд-тобы сүйемелдеп тұр. Ән кешінде Димаш алғаш рет інісі Әбілмансұр Құдайберген жазған әнді орындайды деген де жаңалық айтылған. Концертте халықаралық бишілер ұжымы, Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрі мен «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі өнер көрсетеді. Концертті ұйымдастырушылар дайындаған тосынсыйдың қатарында безендіруді де атап өтпеуге болмас. Үлкен сахна, 7 қабат үйдің биіктігімен бірдей лэд экрандар, заманауи бейнероликтер, ерекше форматтағы қойылымдар - бәрі-бәрі көрермен үшін Димаштың дайындаған ерекше сыйы.


Хабарламаларға жазылу