Басты Жаңалықтар Цифрлық мемлекет деген не?

Цифрлық мемлекет деген не?

Әлемде министр қызметіне тұңғыш жасанды интеллект тағайындалды. Албанияда. Reuters агенттігінің хабарлауынша, Диелла есімді нейрожелілік бот мемлекеттік сатып алулар бойынша «министр» болып «тағайындалды».


Албанияның премьер-министрі Эди Рама жаңадан жасақталған министрлер кабинетін таныстырғанда айтқан. Премьердің сөзінше, Албания виртуалды министрдің арқасында мемлекеттік тендерлер саласында коррупциядан 100 процент құтылады.


Иә-иә, мемлекеттік келісім-шарттар бойынша жемқорлық Албанияның да өте үлкен проблемасы, кезінде ЕуроОдаққа кіруге кедергі келтірген. Алайда Диелланың қызметін кім қадағалайтыны түсініксіз. Себебі бағдарламалық манипуляция жасау тәуекелі бар емес пе?! Албан жұрты да скептик қарайды. «Ұрлық жалғасады, Диелланы кінәлі қылып шығарады» дейді.


Рас, бұл хабарға құлай сенбейсің, дегенмен – тендерлерге байланысты жемқорлықтан құтылуға көмектеседі дегені - бір, екіншіден, жалпы жасанды интеллект қауқарына байланысты елеңдейтін жаңалық.

Дүйсенбіде жасаған жолдауын біздің Президент «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» деп атапты. Алғысөзінде түсіндіреді, цитаталар келтіремін:


Әлемде жаңа геосаяси тәртіп орныға бастады.


Қазіргі заман бұлыңғыр, тұрақсыз болса да, біз бәріміз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект дәуіріне қадам бастық...


Жасанды интеллектінің қарқынды дамуы қазірдің өзінде халықтың, әсіресе, жастардың мінез-құлқы мен болмыс-бітіміне әсер етіп жатыр.


Басқаша болуы мүмкін емес. Себебі бұл үрдіс бүкіл әлемде қалыптасқан тәртіпті және адамдардың өмір сүру салтын біржола өзгертуде. Біз бұған дайын болып, батыл әрекет етуіміз керек. Әйтпесе артта қалудың салдары өте ауыр болады.


Сондықтан мен алдымызға өте маңызды стратегиялық мақсат қойдым. Қазақстан үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керек.


Жаңа технологиялық қалыптың ажырамас бөлігіне айналу үшін бүкіл мемлекеттік басқару жүйесін қайта құру керек.


Қазіргі бар құзырлы министрліктің негізінде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құруды тапсырды.  


Цифрлық форматтағы қызметтер алып жүрген адамдарға ол бір жағынан таңсық емес сияқты. Алайда бұл жолғы шаруа оңай емес. «Оңай емес» деген бер жағы, бірінші кезекте бұл тірлікті кім істейді? - дегенді ойласаң, өрекпи алмайсың. Бірақ мәселе мемлекет мемлекет болып қала ма, жоқ па? - деген ең маңызды сұраққа барып тірелетінін ұғамыз, демек басқа жол жоқ.


Экономиканың, тіршіліктің барлық саласына жасанды интеллект дендеп енуі керек. Ал ол не? Нақты қандай мысалдармен түсіндіруге болады? Амангелді Сейітханның материалы.





Бөлісу