Жолдау-2025: Қазақстан цифрлық мемлекетке айналады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар Жолдау-2025: Қазақстан цифрлық мемлекетке айналады

Жолдау-2025: Қазақстан цифрлық мемлекетке айналады

Қазақстан үш жылда цифрлық елге айналмақ. Президент бүгінгі мәлімдемелерінде жаңа технологияларға басымдық берді.  Жолдау тақырыбы да соған саяды. Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу. Енді ел өміріндегі барлық салаға цифрлық шешімдер енгізіледі. Президент үндеу барысында елдегі банктерді сынап алды. Қаржы ұйымдары тек қарапайым тұрғындарға несие берумен айналысады, ірі жобаларға да ақша салуы керек дейді. Ұлттық банк пен Үкімет шұғыл тапсырма берілді. Атом станциясы мен инвестиция, ауыл шаруашылығы мен инфляция. Президент үкіметке қандай міндет қойды? Әкімдерге не тапсырылды? 

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Үкімет үйінде қарбалас.  Күзгі саяси маусымның шымылдығы Жолдаумен түріледі. Осы маңызды оқиғадан ақпарат тарату үшін еліміздегі барлық медиа құрылымның өкілдері осында жиылды.

Биылғы Жолдау әдеттегіден бір аптаға кеш жарияланды. Оған Шанхай саммиті себеп. Ел күткен үндеуде цифрландыруға ден қойылды. Әлем жасанды интеллект дәуіріне аяқ басты. Қазақстан көштен қалмай, керісінше көш ілгері жүру үшін экономиканың барлық саласына ақылды жүйе енгізбек. Жасанды интеллект министрлігі де құрылатын болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстан үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керек. Біз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу арқылы экономиканы жаңғыртуымыз қажет. Ол үшін, ең алдымен, Цифрлық кодексті тезірек қабылдаған жөн. Бұл заңда цифрландыру үдерісінің негізгі бағыттары, соның ішінде жасанды интеллект, платформалық экономика, үлкен дерекқорларды пайдалану және басқа да мәселелер айқындалуға тиіс.

Президент алдағы негізгі міндеттер деп жеті бағытқа тоқталды. Алғашқысы елге инвестиция тарту. Бас прокуратураның заңсыз активтер қайтарған комитеті енді инвесторлардың құқығын қорғайды. Жоғары технологиялық салаларға 1 миллиард доллар ақша тартылмақ. Осы ретте Президент Олжас Бектеновке 10 күн уақыт берді. Осы уақыт аралығында Үкімет басшысы инвестицияға қатысты ұсыныстар әзірлеу керек. Қаржыны өзіміздің банктер де құя алады. Алайда олар ірі жобаларға қолдау көрсетуді емес, тұрғындарға несие беріп, мол пайда табуды көздейді. Банктер туралы жаңа заңда осы мәселе ескеріледі. Ал еліміздің жаңа іскерлік және инновациялық орталығы – Алатау қаласы болмақ. Арнайы мәртебе беріліп, Үкіметке тікелей бағынады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Alatau City аймақтағы толық цифрланған алғашқы қалаға айналуға тиіс. Мұнда Smart City технологияларын қолданудан бастап тауарлар мен қызмет ақысын криптовалютамен төлеуге дейінгі жаңалықтың барлығы енгізілуі керек. Бұл қала Қазақстанның келешектегі келбетін танытпақ. Онда технологиялық өрлеуге және өмір сүруге барынша қолайлы жағдай үйлесім табуы қажет.

Президент жұрт табысын «жұтып қойып» жатыр  деп инфляцияны қараша халық айрықша сезініп жатқанын ашық айтты. Дайын тұрған шешімі жоқ, дегенмен бұл құрсаудан шығу қажет деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қиындықтар күні кеше ғана пайда болған жоқ. Оны шешу үшін әлемдегі озық тәжірибелерді ескеріп, жұртқа ұнай бермейтін шаралар қабылдауға және оның жауапкершілігін көтеріп алуға дайын болу қажет.

Былтыр елімізде 163 жаңа өндіріс ашылған. Бірақ бұл жеткіліксіз дейді Президент. Өңдеу өнеркәсібіне серпін беретін уақыт келді. Қасым-Жомарт Тоқаев қазір бұл жұмыс жүйесіз деп, ретке келтіруді тапсырды. Ал жаңа зауыттарға қуат көзі керек. Атом станцияларының құрылысын ертерек бастау жүктелді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Екінші, тіпті үшінші атом электр станциясының құрылысын қазірден бастап жоспарлай беруіміз керек. Жақында Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен өткен кездесуде елдеріміздің атом саласындағы стратегиялық серіктестігі туралы уағдаластыққа қол жеткіздік. Қазақстан әлемдік компаниялардың бәрімен өзара тиімді байланыс жасауға дайын.

Биыл шаруаларды қолдауға 1 трлн теңге бөлінген. Президент агро саланы дамытуға ерекше назар аударды. Өзекті міндеттердің бірі – агрохабтар мен логистика орталықтарын дамыту. Дегенмен аймақтарда миллиондаған гектар жер игерілмей, бос жатыр. Ол қайтарылып, қадірін білетін азаматтарға беріледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Әкімдер қайтарылған жердің бәрін келесі жылдың ортасына дейін тұрақты айналымға енгізуі керек. Бұл шара арқылы жайылым тапшылығы мәселесі де шешілуге тиіс. Жалпы, жер қатынастарына қатысты заңсыздық пен қағазбастылықты жою қажет. Сол үшін ауыл шаруашылығы жерлерін беру тәсілдерін түбегейлі өзгерту керек. Осыған орай, жерді бөлуге қатысты шешім цифрлық форматта, электронды конкурстар арқылы қабылдануға тиіс. 

Еліміздің негізгі стратегиялық міндетінің бірі  - Еуразиядағы көлік хабына айналу. Бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Биыл ұзындығы 836 шақырым болатын «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісі іске қосылады. Үкіметке енді «Бақты-Аягөз», «Қызылжар-Мойынты» жобаларын уақтылы жүзеге асыру міндеті жүктелді. Сонымен қатар  «Сексеуіл-Бейнеу» автожолының құрылысын тездету керектігі айтылды. Президент теміржолдағы түйіткілдерге тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жұрттың вагондардың жай-күйіне көңілі толмайды. Астанада вагон құрастыратын зауыт іске қосылды. Бұл осы саладағы өзекті мәселелерді шешу үшін жасалған маңызды қадам болды. Озық халықаралық стандартқа сай жабдықталған заманауи жолаушылар вагонын жасау шетел инвесторының қатысуымен қолға алынады.

Мемлекет басшысы бизнеске кедергі келтіріп отырған мәселелерге тоқталды. Қазір елімізде бұл бағытта 21 кодекс, 300-ден астам заң бар. Оларға тым көп түзету енгізілген. Кейбір нормалар бір-біріне қайшы келіп жатады. Президент мемлекеттік ұйымдар мен компаниялардың негізсіз көбейіп кеткеніне назар аударды. Ол жеке кәсіпорындардың толыққанды дамуын тұсаулап тұр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Елімізде мемлекеттің үлесі бар ұйымдар саны 25 мыңға жуықтайды. Көпшілігінің қызметі мен құрылымы сын көтермейді, қисынға да келмейді. Қазір коммерциялық емес міндеттерді орындау үшін коммерциялық әдіс-тәсілдер кеңінен қолданылып жүр. Соның салдарынан түрлі шығындар артып, корпоративті органдар көбейіп кетті. Нақты нәтижеге назар аударылмайды.

Ел ішіндегі көші-қон үдерісі бақылаусыз жүріп жатыр. Әсіресе жұрт аймақтан Астанаға ұмтылады. Президент бұл облыс әкімдерінің әлсіз жұмысының салдары деп бағалады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Кейбір облыс әкімдері корпоративті салықтан түскен қаражатты көше бойындағы тас тақтайшалар салу сияқты тиімсіз жобаларға шашудан әріге бармайды. Әрине содан соң жұрт әлеуметтік қызметтері мен жеңілдіктері бар Астанаға қарай ағылады.

Ағылған жұрттың есебі  енді бірыңғай цифрлық жүйеге енгізілмек. Жалпы таяу жылдары еліміздің барлық саласына жасанды интеллект енгізілмек.  Осы міндетті тиімді орындау үшін Үкімет «Digital Qazaqstan» атты біртұтас тұжырымдамалық құжат әзірлейді.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Осылайша Президент алдағы уақытқа мемлекеттің басым бағыттарын айқындап берді. Министрлер мен әкімдерге тапсырма берді. Енді жұмысты ширатып, оны нақты іске асыру қажет. Алдағы уақытта елімізде жаңа экономикалық бастамалар мен үлкен саяси реформалар күтіп тұр.


Бөлісу