Қарақалпақстанда «Барсакелмес» халықаралық спорттық марафоны өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар Қарақалпақстанда «Барсакелмес» халықаралық спорттық марафоны өтті

Қарақалпақстанда «Барсакелмес» халықаралық спорттық марафоны өтті

Қарақалпақстанда «Барсакелмес» деген атаумен халықаралық спорттық марафон өтті. Қатысушылар арасында қазақстандықтар да бар. Шараның мақсаты – Арал аймағының экологиялық проблемаларына жұртшылықтың назарын аудару. Жастардың спортқа қызығушылығын арттыру.

Марафон екiншi жыл қатарынан өткiзiлiп отыр. Бес жүзге жуық адам қатысқан спорттық шарада желаяқтар түрлі қашықтықта жүгірді. Жарысты алдымен 3 шақырымдық жолды бағындырушылар бастады. Мұнан кейінгі кезек 10, 21 және 45 шақырым қашықтыққа жүгіретіндерге келді. Олардың арасында біздің отандастарымыз да бар.

Қатысушылардың көңіл күйі әртүрлі, бірінде қобалжу, енді бірінде таңданыс. Белгіленген қашықтықты бағындыруға барын салған азаматтардың еңбегі ақталды. Жүгіру сәтті аяқталып, шақырымдар артта қалды. Аздаған шаршау да бар, дегенмен, оның барлығын қуаныш сезімі жеңіп кеткендей.

Сейітжан Мұқаев, марафонға қатысушы /Қазақстан/:

Алған әсерім керемет. Адамдардың спортқа қызығуы, өз денсаулығына көңіл бөлуі өте қуанарлық жағдай. Қатысушылар арасында жастардың көп екенін байқадым. Демек, табиғатқа жанашырлық танытатын ұрпақ өсіп келеді. Олар қоршаған ортаны қорғау жайына немқұрайлы қарамайды деген сөз.

Аппақ жазық – Аралдың кеуіп қалған табаны. Қарақалпақ елінің Қоңырат ауданына қарасты бөлігі. Айналаның бәрі тұз, үздіксіз соққан аңызақ жел. Әрбір қатысушы Аралдың проблемасын сезінді, бұл өлкенің өзіне ғана тән сұлулығын көзбен көрді.

Андрей Куликов, марафонның ұйымдастырушысы:

Мақсат – экологиялық проблемаларға елдің назарын аудару. Мұнда келген адам ең алдымен суды үнемді пайдаланудың қаншалықты маңызды екенін түсінеді. Тұз суырып тұрған аймақта тіршілік нәрінің әрбір тамшысы алтынға пара пар.

Марафон экология министрлігінің бастамасымен, еріктілердің қолдаумен өткізілді. Қазақстан, Қырғызстан, Ресей мен Белоруссия сынды бірнеше мемлекеттен желаяқтар қатысты. Шара соңынан қоршаған ортаны қорғау бойынша тазалық шарасы өтті. Қарақалпақстанның қайталанбас табиғаты мен туристiк әлеуетi осы жолы көпшілікке таныстырылды.

Бөлісу