Қазақстанда жасалған алғашқы суперкомпьютер таныстырылды
Өзімізде құрастырылған суперкомпьютер. Интернетсіз жұмыс істейді. Ақпараттық қауіпсіздігі жоғары деңгейде қорғалған. Айта берсең, артықшылығы көп. Бүгін таныстырылымы өткен инновациялық жоба туралы толығырақ әріптесім Ақниет Балтанова айтады.
Ақниет Балтанова, тілші:
Бүгін Қазақстандағы алғашқы автономды «NeuroBox» суперкомпьютері таныстырылды. Не себепті автономды десеңіз, құрылғы интернетсіз де жұмыс істейді. Жалпы бұл – Қазақстанның цифрлық тәуелсіздікке жасаған үлкен қадамы. Себебі бұған дейін елдегі суперкомпьютерлердің бәрі шетелден алынған болса, енді өзімізде құрастырылып отыр. Мінекей, зер салып қарасаңыздар, айналасы оюмен әрленген, алпауыт күшке ие құрылғы бұл.
Тағы бір басты ерекшелігі – ақпараттық қауіпсіздігі. Құрастырушылардың айтуынша, мұнда енгізілген барлық дерек қатаң сақталады. Мәселен, неуробокста шамамен 8 жасанды интеллект бар. Бұл баршаға белгілі ChatGPT, Gemini, Gemma, DeepSeek және тағы басқалары. Яғни сіз сұраныс жіберген кезде, ол өңделеді, бірақ ақпарат осы қара жәшіктің ішінде қалады.
Төлеген Омарбеков, «Neurobox» компаниясының құрылтайшысы:
Бұл жерде ең бастысы – жылдамдық. Бір қызметкер бір құжатты дайындауға бірнеше ай жұмсауы мүмкін. Бірақ біздің суперкомпьютердің көмегімен 1-2 сағатта жұмысын аяқтайды. Сондықтан әсіресе мемлекеттік қызметкерлерге, компаниялар мен корпорацияларға пайдасы орасан. Тіпті кез келген видеоны, мәселен жол-көлік оқиғасын жүктесеңіз, бірер секундта хаттама әзірлеп, әрі қарай не істеу керегін көрсетеді. Сондықтан кез-келген салада көмегі тиеді. Ал жеке тұлғалар үшін құрылғыны сатып алмай-ақ, App Store, Play market сынды қосымшалардан жүктеп, пайдалануға болатын жағдай жасаймыз.
Иә, Бір құрылғының құны – 70 млн теңгеден басталады. Оның көмегімен барлық тілде ақпарат алуға мүмкіндік бар. Бұл суперкомпьютер - жасанды интеллект, машиналық оқыту, үлкен деректерді талдау және жоғары өнімді есептеулерді дамытуға арналған инновациялық жоба. Суперкомпьютер бойынша Қазақстан Орталық Азияда көшбасшы ел,-дейді жауаптылар.
Саясат Нұрбақытбек, ҚР ЦДИАӨМ жасанды интеллект және инновацияларды дамыту комитетінің бас сарапшысы:
Осы жылдың қазан-қараша айларында ТОП-500 рейтингіне өтініш тастаймыз. Тиісті мамандар есептеулерін жүргізу нәтижесінде рейтингтен өзімізді көреміз деген ниетіміз бар.
Ақниет Балтанова, тілші:
Мысалы, бір кабинетте бірнеше маман жұмыс істейді делік. Бірі-есепші, бірі-кадр бөлімінің қызметкері, енді бірі – заңгер. Үшеуінің жұмысы бір-бірімен тығыз байланысты. Олар өзара ақпарат алмасады. Дәл сол сияқты «neurobox» суперкомпьютері де осылай команда құра алады. Ол үшін құрылғыда әр маманға бір ЖИ агент ашу қажет. Ұжым қалай үйлесімді жұмыс істесе, дәл солай мұнда да ЖИ агенттер бір-бірін таниды, бір-бірімен сөйлеседі, ақпарат сұрасады.
«NeuroBox» суперкомпьютері барлық маманды алмастырмай ма деген сауал туындайды. Авторлардың сөзінше әзір жоқ. Ол деңгейге жету үшін сала әлі де дами түсуі керек.
Ақниет Балтанова
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
