Бүгін елордада әлемдік қаржы саласының сарапшылары бас қосқан «Astana Finance Days 2025» форумы ашылды. Биыл сегізінші рет өтіп отырған ауқымды шараның тақырыбы – «Болашақтың негізін қалайтын капитал».
Ақмаржан Ғафизқызы, тілші:
Иә, форум жарты сағат бұрын ғана басталды. Қазірдің өзінде Астана халықаралық қаржы қауымдастығының назарын аударған орталыққа айналды деуге болады. Биылғы жиынға 70 елден 5 мыңнан астам сала маманы қатысуда. Олардың қатарында АҚШ, Ұлыбритания, Қытай, Біріккен Араб Әмірліктері және Сингапур секілді алпауыт мемлекеттердің банкирлері, инвесторлары мен ірі компания басшылары бар.
Форумда климаттың өзгеруі, экономикалық өсім және жаңа технологияларды дамыту жолында капиталды тиімді пайдалану мәселелері талқыланбақ. Сондай-ақ, биыл алғаш рет AFD Exhibition Hub атты көрме ұйымдастырылып, компаниялар өздерінің цифрлық инновацияларын таныстырады деп күтілуде.
Ақмаржан Ғафизқызы
