AITU қосымшасы интернетсіз қолжетімді болмақ
AITU ұлттық мессенджері мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарының барлығына енгізіледі. Мессенджерге көшу мерзімі - 15 қыркүйекке дейін бекітілді. Қызметкерлерден бөлек, кез келген азамат бұл қосымшаны жүктеп, қолдана алады. Мұнда хат-хабар алмасу интернетсіз-ақ жүзеге асады.
AITU – бұл SUPERAPP. Өйткені тек хат-хабар алмасуға арналған мессенджер емес. Мұнда кино көру, музыка тыңдау, ойын-сауық, әлеуметтік желіге тіркелу, ақпараттық порталдарды оқу, мемлекеттік қызметтерді онлайн алу тетіктері бар. Әр саланың маманы өзіне керегін табады. AI-ассистенттер кез келген сұраққа жауап береді. Не себепті мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор AITU жүйесіне көшеді десеңіз, ең алдымен қауіпсіздік үшін.
Әсем Қаппар, ҚР ЦДИАӨМ Цифрлық шешімдер департаментінің бас сарапшысы:
AITU қосымшасының басты артықшылығы барлық серверінің Қазақстан аумағында орналасуы және ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сай болуы. Бұл қосымша мемлекеттік қызметкерлер үшін қызметтік хат алмасу мен жұмыс чаттарына қолайлы әрі қауіпсіз құрал болып отыр.
Иә, мессенджердегі кез келген хат пен ақпарат қатаң сақталады,-дейді жүйені құрастырушылар. Сондай-ақ қосымша интернет жоқ жерде де қолжетімді болмақ.
Нұртай Әбілғалиев, BTS Digital бас директоры:
Жобаны 2019 жылдан бері дамытып келеміз. Бұл тек мессенджер емес, ішіндегі барлық қызмет интернетсіз де жұмыс істейді. Мұны нөлдік тарификация дейді. Дегенмен қосымшадағы маркетплейстердің қызметі ақылы. Ал 15 қыркүйекке дейін барлық мүмкіндікті қолжетімді етеміз.
AITU-ға бүгінде шамамен 6 млн-ға жуық пайдаланушы тіркелген. Сұраныс болған соң, қосымша бірнеше тілге аударылды. 400-ден аса мемлекеттен тіркеліп, қолданып жүргендер бар. Құрастырушылар алдағы уақытта да жүйенің жұмысын күн сайын жетілдіре бермек.
Ақниет Балтанова
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
