Әскери борышын өтеген 5 мыңға жуық азамат білім грантына ие болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар Әскери борышын өтеген 5 мыңға жуық азамат білім грантына ие болды

Әскери борышын өтеген 5 мыңға жуық азамат білім грантына ие болды

Биыл әскери борышын өтеген 2 мыңнан астам азамат жоғары оқу орындарында тегін білім алу құқығына ие болды. Яғни, талапкерлер емтихан тапсырмай-ақ өздері таңдаған университетке түсе алады. Грант иегерлерінің басым бөлігі техникалық, экономикалық және ІТ саласындағы мамандықтарды таңдаған.

Аянат Нүспбек Петропавлдағы Ұлттық ұлан әскери академиясында білім алып жүр. Отан алдындағы борышын ойдағыдай атқарып, арнайы сертификатқа ие болған. Ойланбастан әскери саланы таңдапты.

Аянат Нүсіпбек, курсант:

Грант алуым керек, ата-анамның үмітін ақтауым керек, оқуға түсуім керек деген алдыма мақсат қойып, сол мақсатымның арқасында оқуға түстім. Әскери адам болу бала кезден арманым болды. Осы арманыма қол жеткізіп, оқып жатырмын.

Жоғары оқу орнында тегін білім алу мүмкіндігі үздік сарбаздарға ғана беріледі. Сертификат иегерлері сынақ тапсырмайды. Тек әскери мамандықты игергісі келгендер тиісті нормативтерді орындауы тиіс.

Арыстан Сәдуақасов, ҚР Ұлттық ұлан әскери академиясы жауынгерлік дайындық қызметінің бастығы:

Төрт жылдық оқуын аяқтаған түлекке лейтенант әскери шені беріледі. Сондай-ақ Ұлттық ұланға немесе өзге де әскери құрылымдарға қызметке өтуге құқығы бар.

Бұған дейін мерзімді әскери қызметін өтеген азаматтарға ректор гранты тағайындалып келген болатын. Ал биылғы оқу жылынан мемлекеттік білім гранты беріле бастады. Яғни, аталған бағдарлама бойынша оқуға түкен студенттерге стипендия төленеді.

Қарлығаш Қалыбекқызы, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Қоғаммен байланыс департаментінің басқарма басшысы:

Қорғаныс министрлігінің «Срочник 2» атты цифрлық платформасы бар. Өтініш сол жерге қалдырылады. Әскери шеберлік, психологиялық дайындық, тәртіп және командирдің мінездемесі осының бәрі мемлекеттік білім грантын тағайындау кезінде ескеріледі.

Әскерилерге берілетін сертификат 2 жылға дейін жарамды. Олар кез келген жоғары оқу орнын таңдауға құқылы. Тек медициналық, фармацевтикалық және педагоикалық мамандықтарға шектеу бар. Аталған бағдарлама 2023 жылы қабылданды. 3 жылда 5 мыңға жуық азамат тегін білім алу құқығына ие болды.

Эльмира Кәленова

Бөлісу