Жетісулық ғалымдар Орталық Азия елдері арасында бірінші болып Speed Breeding технологиясын іске асырды. Жаңа әдіс арқылы мамандар құрғақшылыққа төзімді әрі өнімді жаңа бидай мен арпа сұрыптарын жылыжайда өсіріп шығарды. Бұл технология дәстүрлі селекцияға қарағанда бірнеше есе жылдам өнім береді. Яғни 120 күнде пісіп жетілетін бидайды небәрі 2 айда өсіруге болады, - дейді мамандар. Тың жоба отандық дақылдардың өнімділігін арттырып қана қоймай, селекциялық процестерді жылдамдату арқылы төзімділігі жоғары арпа-бидай тұқымын өсіруге септігін тигізеді деп күтілуде. Жобаны жүзеге асыруға мемлекеттен 250 млн теңге грант бөлінген.
Қанат Ермекбаев, зертхана меңгерушісі:
Мысалы бір сортты шығару үшін 14-15 жыл уақыт кететін болса бидайдың, біз оны екі есе, үш есе жылдамдатамыз. Қазіргі өзіміз тұрған Speed Breeding дейді яғни жылдамдатылған селекцияның платформасы. Мысалы бір жылда далалық деңгейде сіз бір-ақ рет өнім алатын болсаңыз, осы техникалық әлеуетті қолдану арқылы біз бір бидайды алты рет өсіріп аламыз.
Дамир Нұрмұхамет
