Сарапшы: Әлеуметтік желі есте сақтау қабілетін нашарлатады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар Сарапшы: Әлеуметтік желі есте сақтау қабілетін нашарлатады

Сарапшы: Әлеуметтік желі есте сақтау қабілетін нашарлатады

Соңғы уақытта әлем жастары digital detox жасауды трендке айналдырып жүр. Мәселен, ресми мәліметтерге сүйенсек, орта жастағылардың 49 пайызы, жас буын өкілдерінің 44 пайызы экран уақытын саналы түрде қысқартқан. Осы ретте мамандар қоғам әлеуметтік желіден де жалығады деп отыр. Десе де оның орнын алмастыратын сапалы дүние қажет деп есептейді.

Нұрболат Кәрібай – «Смартфонсыз 10 күн» әлеуметтік жобасының авторы. Ол оқушыларды гаджетке тәуелділіктен арылтып, пайдалы әдеттерге баулуды көздейді. Жоба барысында балалар рухани ем алып, уақытын тиімді өткізуге дағдыланады, дейді маман.

Нұрболат Кәрібай, этнопедагог:

Олар инстаграм, тик-токта отырып, миға салмақ салмайтын қысқа-қысқа ғана видеоларды көруге үйреніп қалған. Олардың зейіні түсіп кеткені бірден көрінеді. Қарапайым 2-4 жол өлеңді жаттай алмайды. Ең негізгі салмақ балалардың жаттау қабілетіне, зейініне салынады.

Ал әпкелі-сіңлілі Жансая мен Іңкәр осыдан үш жыл бұрын әлеуметтік желіде парақша жүргізуді қолға айналдырған. Қос блогер қазір желіні тиімді пайдаланып, табыс тауып жүр.

Жансая Мәдиярқызы, блогер:

Біздің контент күлдіру мақсатында емес, өзімізбен жасты балаларға білім беру. Өзіміз мектепте жақсы оқимыз. Өнерге де жақсымыз. Бәрін алып жүреміз. Әлеуметтік желіні табыс көзі ретінде қарауға болады.

Осы ретте әлеуметтанушы Қуаныш Сайлау: «Экраннан алшақтау – санаға азық. Бұл үрдісті әдетке айналдыру үшін смартфонды пайдалану бағыты мен тиімділігін анықтап алуымыз маңызды», - дейді.

Қуаныш Сайлау, әлеуметтанушы:

Қоғам ретінде әлеуметтік желіні жауапты түрде қалайша қолдануға болатынын қарастыруымыз керек. Бұл проблеманың шешудің жолы жергілікті қауымдастықтың дамуы. Қандай да бір қызығушылық болса да, топтар болсын, жастары үлкен азаматтардың арасында белсенді орталықтарды дамыту бар. Сонымен қатар қайырымдылық пен азаматтық белсенділікпен айналысу арқылы дамытуға болады.

Мамандар ақпарат ағынынан толыққанды ажырау оңай емес деп отыр. Десе де қоғамда орта, жас буын өкілдерінің цифрлық тыныштықты қалап, үйлесімді өмір сүруге бағыт алғаны көңіл қуантады.

Айдана Қуантхан


Бөлісу