Бельгияда босқындар көшеде түнеуде
Еуропа елдері заңсыз миграциямен күресті күшейтті. Халықаралық қорғауға зәру емес елдердің азаматтары енді ЕуроОдақта бас сауғалай алмайды. Бірден елдеріне аттандырылады. Бельгия үкіметі де көші-қон туралы заңды қатайтты. Салдарынан елден пана сұрап келген босқындар бала-шағасымен көшеде түнеуге мәжбүр болуда.
Нұрсұлу Қасым, тілші:
Бельгиядан бассауға сұрап келгендердің дені Сирия, Ауғанстан мен Африка мемлекеттерінен. Бірақ үкімет олардың көпшілігінің өтінішін қанағатсыз қалдырып жатыр. Себебі Жаңа заңға сәйкес, босқын статусын ЕуроОдақтың өзге мемлекетінде алған азаматтар корольдікке келіп, қайтадан өтініш бере алмайды. Тиісінше, үкімет те оларға ешқандай көмек көрсетпейді.
Жаңа ереженің кесірінен жүздеген отбасы далада қалды. Ауғанстандық Ахмадтың бала-шағасымен Брюссельдегі саябақты паналағанына бүгін екі апта болыпты. Отағасы күн сайын 4 баласы мен әйелінің қауіпсіздігіне алаңдайды.
Ахмад Исми, ауғанстандық босқын:
Балаларым тамақ сұрап, тоңдым деп жылағанда жанымды қоярға жер таппаймын. Ақшам бітті. Бізге мына жақтағылар босқын статусын Грекияда алғансыңдар, сонда кетіңдер дейді. Ол жақта бізге ешқандай көмек болмаған соң Бельгияға келдік. Енді не істейміз?
Босқындар бастапқыда уақытша шатыр құрып тұрған. «Заңсыз» деп тәртіп сақшылары сүріп тастаған соң, қара жерге жатқаннан басқа амалдары жоқ. Тұрғындар, еріктілер әкелген аз-кем азық-түлікті талғажау етіп, таратқан суларына шомылып, кірлерін жуып жүр.
Аурели Ронпей, «Әлем дәрігерлері» ұйымының жауапты еріктісі:
Гуманитарлық хабтың көмегіне күніне 200 шақты адам жүгінеді. Өкінішке қарай, біз өзге мемлекеттің қорғауына алынған азаматтарға медициналық көмек көрсете алмаймыз. Босқындар орталығынан да орын берілмейді.
Ахмад сынды жүздеген адамның арманы қыс түскенше «босқын дәрежесін» алып, Бельгияда қалу. Еріктілер «бұл орындалмайды-ау» деп күдіктенеді. Себебі былтыр келімсектерден қабылданған 40 мыңнан аса арыздың тең жартысы қанағаттандырылмаған. Бельгия үкіметі биыл да босқындарды қабылдаудан гөрі оларды елдеріне депортациялауға басымдық бермек.
Нұрсұлу Қасым
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
