БҚО-да жаңа білім ордасы ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

БҚО-да жаңа білім ордасы ашылды

02.09.2025

Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданы Байқоныс ауылында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 600 орындық білім ордасы ашылды.

Жаңа ғимарат Мемлекет басшысының апатты және үш ауысымды мектептерді азайту тапсырмасы аясында ел игілігіне берілді. Бүгін ауылдағы 589 бала жаңа білім ордасының табалдырығын аттады. Оларға 69 мұғалім білім береді. Ғимараттағы 31 сынып бөлмесі заманауи оқу құралдары, жаңа жиһаздармен жабдықталған. Талапқа сай STEM, робототехника, визуалды дизайн, хореография кабинеттері бар. Шығармашылықты дамытуға арналған алаңдар да бала қиялына қанат бітірері сөзсіз. Спорт залы, асхана, акт залымен қоса демалыс аймақтары да ұмыт қалмаған. Өңірде ұлттық жоба аясында 9 мектеп тапсыру көзделген. Ашылған және құрылысы жүріп жатқан мектептер 8100 орынға лайықталған.

Ясмин Сәрсенғалиева, оқушы:

Осы мектепке көшкенде қатты қуандым. Өйткені әдемі мектеп, өте кең. Бірінші ішке кіргенде кішкене адасып қалдым. Сосын үлкен, кең сыныпты таптық. Жарық. Мына жаққа күн түсіп тұр.

Нұрсәуле Тәліпова, Қ.Мырза Әлі атындағы қазақ орта мектебінің директоры:

Ерекше білімді қажет ететін балаларға да арнайы жағдай жасалған. Сенсорика, инклюзив кабинеттері, логопед, дефектолог мамандарға да арнайы кабинеттер бар. Балаларымыз өте қуанышты. Ауыл тұрғындарына да ұнап жатыр.

Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу