Қазір фрилансерлер көбейген. Яғни кеңсеге байланбай жұмыс істегісі келетіндер көп. Олар өз қызметін қандай да бір міндеттемелерсіз, ақылы түрде ұсынатын адамдар. Фриланс әсіресе жастар арасында танымал еңбек форматы. Онымен көптеген сала мамандары айналысады. Ол қалай күн көреді? Әріптесім Темірлан Нұржанұлы жалғастырады.
21 жасар маркетолог Манас фрилансер. Ол бұл бағытқа 1,5 жыл бұрын бет бұрған. Планшет пен ноутбук қасында болса, кез келген жерде отырып жұмыс істей береді.
Манас Қадыр, фрилансер:
Қазіргі таңда фриланс жастарға үлкен мүмкіндік береді. Бір сәтте 2 жобаға кәдімгідей үлгере аламын. Ол маған қаржы тұрғысынан үлкен мүмкіндіктер береді. Бір жағынан спортқа да, жеке өмірге де көңіл бөле аламын. Фриланста бір жаманы тұрақсыздық болады. Бірде сен аз табасың, бірде көп тауып қаласың. Сол бойынша мәселелер болады. Фрилансты көргеннен кейін жалдамалы жұмысқа мүлде зауқым жоқ.
Осыдан 4 жыл бұрын Қазақстандағы фрилансерлердің саны 1 млн-нан асқан. Еңбек ресурстарын дамыту орталығының мәліметі осы. Мамандардың айтуынша, қазіргі кезде жастар бір жерде ұзақ жұмыс істеп, жоғары шенге жетуді өмірлік мақсатына айналдыра бермейді. Құндылық өзгерген.
Темірлан Төлеу, әлеуметтанушы:
Олар үшін тиісті бір офисқа бекітілген, жұмыс кестесі бекітілген жерде жұмыс істегеннен гөрі қашықтықтан белгілі бір қызметтерді сату әлдеқайды маңызды. Бұл жұмыс берушіге де әлдеқайда ыңғайлы. Себебі олар штатқа алмайды. Сәйкесінше ол үшін жауапкершілік алмайды мемлекет алдында, қоғам алдында.
Фриланс – еркіндік пен икемділікті қалайтын жастар үшін тиімді таңдау. Алайда тұрақсыз табыс пен әлеуметтік кепілдіктердің жоқтығы, сондай-ақ тараптардың кей кезде келісімшартсыз жұмыс істеуі – бұл саланың басты тәуекелдері. Соған қарамастан, сарапшылар алдағы жылдары мұндай еңбек форматына бет бұратындар қатары азаймайды, керісінше көбейе түсуі ықтимал дейді.
Темірлан Нұржанұлы
