Тау-кен металлургия саласында 28 ірі жоба іске асырылып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тау-кен металлургия саласында 28 ірі жоба іске асырылып жатыр

28.08.2025

Премьер-Министр Олжас Бектеновтың төрағалығымен Қазақстанның тау-кен металлургия кешенін дамыту мәселелері жөніндегі Отандық кәсіпкерлер кеңесінің отырысы өтті. Жиында Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді орындау және саланың даму барысы қаралды. Бүгінде мыңдаған жұмыс орнын ашуға және экономиканы әртараптандыруға мүмкіндік беретін 28 инвестициялық жоба іске асып жатыр. «Шикізат экспорттаудан ел ішінде қайта өңдеуге көшеміз. Үкімет осы бағытта жаңа өндірістерді қолдап, металлургиялық кластерлерді дамытуды жалғастырады», - деді жиында Олжас Бектенов. Кеңесте кәсіпкерлер саладағы мәселелерді көтерді. Бірі салалық даму құжатын әзірлеуді, тариф саясатын үйлестіруді және «Жер қойнауы туралы» кодекске түзетулер енгізуді ұсынса, енді бірі салық жүктемесін төмендетіп, роялти жүйесін халықаралық тәжірибеге бейімдеу керегін айтты. Премьер-министр айтылған барлық ұсыныс міндетті түрде ескерілетінін атап өтті.

Ақниет Балтанова


Хабарламаларға жазылу