БҚО-да киік еті тұтастай сатылып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар БҚО-да киік еті тұтастай сатылып жатыр

БҚО-да киік еті тұтастай сатылып жатыр

Батыс Қазақстан облысының мал сою алаңдарында киік еті тұтастай сатылып жатыр. Орал қаласының іргесіндегі Бәйтерек ауданы Байқоныс ауылында жануар етінің келісі 1600 теңге тұрады. «Шикізат Казталов, Тасқала аудандарынан әкелінеді» дейді шаруашылық иесі. Қасапханадағы ет тоңазытқышта сақталған. Бір бөкен ұшасының салмағы — 10-30 келі аралығында. Облыс бойынша келісімшартқа отырған 7 кәсіпорынның 5-уі киік етін қабылдап жатыр. Аудандардағы төрт кәсіпорын етті төшкелей өткізіп отыр.

Нұрлан Жұбанышев, Байқоныс ауылының тұрғыны:

Бірінші рет алып тұрмын, дәмін көрейік деп. Бағасы – 1600 теңгеден, жалпы салмағы 27 кг болды, яғни 42 мың теңгеге шықты. Аздап әртүрлілік болсын дедік, әрі пайдалы деген соң алдық.

Төлеген Еркештаев, кәсіпкер:

Бүгінге келгені – 716 бас. Оның 400-і Оралға, 100-і Ақтөбеге, 80-і Атырауға жөнелтілді, қалғаны осында сатылды. Күн сайын сойып, жуып-тазалап, тоңазытқышқа саламыз да, салқындатылған күйде өткіземіз. Жаңа сойылған күйде сатпаймыз. Ал мүйіздерін «Охотзоопром» өзі алып кетеді, оған біздің қатысымыз жоқ.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының дерегінше, ет комбинаттарына тапсырылған 4 мың бас киіктің бір бөлігі Маңғыстау, Ақтөбе, Түркістан облыстарына сатылған. Ал «Кублей» зауыты бөкен еті мен ішкі құрылысын өңдеп, қалбырдағы тағам түрлерін шығармақ.

Тайман Нұрғалиев, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы:

Ет комбинаттарына 7 990 бас қабылданды. Оның ішінде 3 682 басы «Кублей» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі. Шикізат толық жиналған соң, олар консерві өнімін шығаруды бастайды.

Ардақ Мұратқызы

Бөлісу