49 әуе кемесі жоспардан тыс тексеріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар 49 әуе кемесі жоспардан тыс тексеріледі

49 әуе кемесі жоспардан тыс тексеріледі

Ұшу қауіпсіздігін сақтау мақсатында 49 әуе кемесі жоспардан тыс тексеріледі. Мұны Көлік министрлігі хабарлады. Жуырда болған жеңіл моторлы ұшақ апатына қатысты тексеріс қорытындысы қашан белгілі болады? Әріптесім Елдос Есенбол анықтады.

Елдос Есенбол, тілші:

Ұшақ апаты Астанадан шамамен 40 шақырымдағы осы Төңкеріс ауылының маңында болған. Бүгін желіде апаттың видеосы тарады.

Ашық дереккөздерден мынадай ақпарат таптық. Жеке ұшақтар тек арнайы белгіленген бағыттармен ұшады. Қала мен ауылдың үстінен еркін ұшпайды. Міндетті түрде әуе қозғалысын басқару қызметімен келісіп, арнайы ұшу жоспарын тапсыруы керек. Яғни ұшақ елді мекенге тым жақын немесе төмен ұшып өте алмайды.

Бүгін Үкімет брифингінде тілшілер жеңіл моторлы ұшақ атапына қатысты Көлік министрінен сұраған еді.

Нұрлан Сауранбаев, ҚР Көлік министрі:

Әр ұшақ апатына қатысты 1 жылға жуық тексеріс жүргізіледі. Дегенмен Азаматтық авиация комитеті мен Авиаиця әкімшілігі бірігіп, апат болған екі әуе кемесін пайдаланушыларға ұшуға уақытша тыйым салынды.

Министрдің екі әуе кемесі деп отырғаны осыдан екі ай бұрын Астана шетіндегі Жоламан аэродромында осындай жеңіл моторлы ұшақ құлап, екі адам қаза тапқан еді. Иә қазір ақысын төлесе осындай ұшақпен ұшыратын қызмет түрі бар. 20 минут ұшсаңыз 50 мың, 30 минут ұшсаңыз 60 мың теңге. Қазір олардың жұмысы уақытша тоқтап тұр. Енді олардың барлығы жоспардан тыс тексерістен өтеді.

Ұшу қауіпсіздігін арттыру мақсатында Астана, Алматы және Қарағанды қалаларында жалпы мақсаттағы авиация эксплуатанттарының 49 әуе кемесі жоспардан тыс тексеріледі. Сондай-ақ жеңіл және аса жеңіл әуе кемелерінің ұшу жарамдылығын бағалайтын ұйымдардың қызметін де тексермек.

Елдос Есенбол


Бөлісу