«Алматы – түркі әлемінің жастар астанасы» халықаралық фестивалі ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Алматы – түркі әлемінің жастар астанасы» халықаралық фестивалі ашылды

19.08.2025

Биыл Алматы қаласы түркі әлемінің жастар астанасы атанды. Ауқымды шараның салтанатты ашылуына Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Түркі мемлекеттері ұйымының бас хатшысы Қуанышбек Өмірәлиев қатысты.

Алматы жастарына былтыр жастар астанасы атанған Әзербайжанның Ленкорань қаласының өкілдері символдық кілтті салтанатты түрде табыстады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алматылықтарға арнап құттықтау хат жолдады. Мемлекет басшысы іргелі іс-шара түркі мемлекеттерінің ынтымақтастығы мен достығын арттыруға бағытталғанын атап өтті. Алатау баурайындағы алып шаһар – төл мәдениетіміздің темірқазығы. Президент Алматы қазақ елінің ғана емес, түркі мемлекеттерінің де рухани ордасы екенін ерекше айтты.

Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:

«Баршаңызды Алматы қаласының 2025 жылғы түркі әлемі жастарының астанасы атауымен құттықтаймын. Алматы – азаматтығымыздың алтын бесігі, жасампаз жастардың құтты мекені. Өркениетіміздің өрісін кеңейтуге өлшеусіз үлес қосқан көптеген ұлы тұлғаларымыз осы қалада өсіп-өнген. Бүгін асқаралы Алатаудың баурайында түбі бір түркі жұртының білімпаз, дарынды әрі белсенді жастары бас қосып отыр. Іргелі іс-шара аясында жаңа достар тауып, тың идеялар мен жобаларды жүзеге асырасыздар деп сенемін».

Айдана Қуантхан

Хабарламаларға жазылу