Өзбекстанмен туризм саласындағы ынтымақтастық жоғары деңгейде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өзбекстанмен туризм саласындағы ынтымақтастық жоғары деңгейде

16.08.2025

Биылғы жылдың алғашқы алты айында көршілес өзбек еліне барған туристер саны бойынша Қазақстан алғашқы үштікте тұр. Ресей мен Қырғызстан азаматтарынан соң бұл елге біздің отандастарымыз көп қыдырады екен. Жалпы, қос ел туризм саласын бірлесе дамыту, киелі орындарды насихаттауды жандандыру жұмыстарын жан-жақты жүргізіп келеді.

Самарқан мен Ташкентті аралап көруді қалайтын қазақстандықтар жыл санап артып келеді. Тиісінше, біздің елдегі табиғаты көркем жерлерді тамашалауға асығатын өзбек ағайын да аз емес. Отандастарымызды қызықтыратын танымал бағыттар қатарына соңғы уақытта Наманган аймағы қосылды. Мұнда туристерді тартатын тарихи орындар көп.

Базаркүл Отыншиева, тілші:

Он ғасырлық, яғни мың жылға жуық тарихы бар көне Ахсикент шахарындамыз, мұнда қазір абаттандыру жүріп жатыр. Бұл жерді аспан асты мұражайына, үлкен кешенге айналдыру жоспары бар. Бұл маңға туристер де көптеп келеді, арасында біздің отандастарымыз да бар.

Өңірдің әрбір тасы тарихтан сыр шертеді. Бір кездері «Ұлы Жібек» жолы арқылы өтетін керуеншілер сапар алдында осында демалатын болған. Мұнда Мұхаммед пайғамбардың серігі әрі замандасы Сұлтан Уәйіс Қаранидің кешені орын тепкен. Қырғыз елімен шектесіп жатқандықтан жақын аймаққа алматылық туристердің қызығушылығы басым.

Венера Табыс, қазақстандық саяхатшы:

Шығыс мәдениеті, Жібек жолы мәдениетін бәрін көзбен көріп үлкен әсерге бөлендік. Бұрынғы заманға саяхаттап, хан сарайын аралағандай әсерде болып жатырмыз.

Ботыр Нуриддинов, Наманган облысы әкімінің орынбасары:

Жаңа бағыттарды көбейту - басты мақсатымыз. Оның ішінде тау туризмі, экстремалды саяхат, аспалы көпірлер мен сарқырамалар жасалып жатыр. Мұның барлығы туристердің ыңғайлылығы үшін қолға алынған.

Қазақстан мен Өзбекстанның туризм саласындағы әлеуеті Орталық Азиядағы өзге елдерден едәуір озық. Байланыс алдағы уақытта жалғаса бермек. Алматы - Түркістан - Ташкент - Самарқан бағытында «Jibek joly» туристік пойызының қатынай бастауы осыған дәлел. Зиярат және гастрономиялық туризм бойынша тиісті келісімдер бар.

Қайыржан Қоңыршин, туризм сарапшысы:

Екі елдің арасындағы экскурсоводтар, гидтер, жалпы туризм саласының өкілдерінің танысуы, өзара пікір алмасуы өте маңызды. Өйткені бұл болашақта еліміздің жаҺандық сахнада өзін танытуына үлкен әсерін береді деп ойлаймын.

Қос ел бірлесе қолға алуды жоспарлаған «Аралас саяхат» жобасы жүзеге асса, саяхатшылардың екі мемлекеттің де көрікті жерлерін кедергісіз аралауына жол ашылады. Бұл туристерге де тиімді. Ұлттық статистика комитетінің мәліметінше, Өзбекстанға биылғы алты айда 800 мыңдай шетелдік турист қыдырса, соның 80 мыңға жуығы қазақстандық.

Базаркүл Отыншиева


Хабарламаларға жазылу