Президент: Әзербайжан мен Армения арасындағы келісім – тарихи жетістік - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент: Әзербайжан мен Армения арасындағы келісім – тарихи жетістік

09.08.2025

Тарихи жетістік. Әзербайжан мен Арменияның келісімге келуін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осылай бағалады. Вашингтонда АҚШ-тың араағайындық етуімен екі ел арасындағы ұзақ жылдық соғысты аяқтауды көздейтін бейбіт келісімге қол қойылды.

Қарабақ дауы қырық жылға жуық Кавказдағы ең күрмеулі мәселе болды. Бірнеше қақтығыстан кейін екі жыл бұрын аймақ толықтай Әзербайжанға өтті. Бірақ Баку мен Ереван ұзақ уақыт келісімге келе алмады. Енді Әлиев пен Пашинян Ақ үйде декларацияға қол қойды.

Ал Әзербайжан мен Нахичеванды жалғайтын Зангезур дәлізін АҚШ-тың жеке компаниялары 99 жылға жалға алмақ. Трамп сөзінше, құрама штаттар Армения мен Әзербайжан жерінде ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды іске асырады.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

Армения мен Әзербайжан барлық соғыс қимылын түбегейлі тоқтатып, сауда, саяхат және дипломатиялық қарым-қатынасты жандандыруға, бір-бірінің егемендігі мен аумақтық тұтастығын құрметтеуге міндеттелді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл келісімді тарихи жетістік деп бағалады. Президент пікірін кеңесшісі Руслан Желдібай әлеуметтік желіде жариялады. Бұл құжат екі ел арасындағы ұзақ қақтығысты тоқтатып, дипломатиялық қатынас пен берік ынтымақтастыққа жол ашты деп жазылған.

Руслан Желдібай, ҚР Президентінің кеңесшісі – баспасөз хатшысы:

Мемлекет басшысының пікірінше, Әзербайжан мен Арменияның мұндай келісімге қол қоюы – АҚШ Президенті Дональд Трамптың тегеурінді әрі тиімді бітімгерлік миссиясының арқасы. Ол Әзербайжан және Армения басшыларын саяси ерік-жігер танытып, стратегиялық тұрғыдан көреген шешім қабылдауға көндіре алды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан да екі ел арасындағы осынау маңызды уағдаластыққа қол жеткізуге елеулі үлес қосты деп санайды.

Иә Қазақстан қос елмен де тату. Елдестірмекке ұмтылып, нақты қадамдар жасады. Мәселен бейбіт келісімнің негізгі шарттарына қатысты сыртқы істер министрлерінің келіссөзі Алматы қаласында өткен.

Жанерке Қайратқызы, саясаттанушы:

Бұл жерде Қазақстанның да өзіндік рөлі бар. Араағайындық жасаған жоқ, ақыл айтқан жоқ, дегенмен әрдайым бейбіт жолмен кез келген қақтығыстың шешілуін алға тартты. Және өзінің алаңын ұсынды. Екі елдің сыртқы істер министрлерінің Алматыда кездесуі былай айтқанда Вашингтонда өз жемісін көрсетті деп айтуға болады.

Иә, бұл келісім 1990 жылдан бері жабық тұрған Оңтүстік Кавказдағы стратегиялық транспорт дәлізін қайта ашуы мүмкін. Бастысы аймақтағы ұзаққа созылған дауға нүкте қойылып, жаңа ынтымақтастық дәуірін бастауға жол ашып отыр.

Шерхан Жамбылұлы 

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу