Басты Жаңалықтар Өлеңі өшпес, рухы мәңгі Оразалы Досбосынов

Өлеңі өшпес, рухы мәңгі Оразалы Досбосынов

Биыл қазақ айтыс өнерінің ақтаңгері, орақ тілді ақын Оразалы Досбосыновтың туғанына 50 жыл толып отыр. Осыған орай сөз өнерінің дарабозы туған жер – Алматы облысы Райымбек ауданының орталығында оқушылар арасында «Құлмамбеттің құлыны» атты республикалық айтыс өтіп жатыр. Қазір өңірден әріптесім Қуан Нұрақын тікелей байланысқа қосылып, шара туралы баяндауға әзір.

Қуан, сіз байланыстасыз?

Қуан Нұрақын, тілші:

Қайырлы күн! Шарада жас айтыскерлер сахнада сөз саптап, өрелі ой, ұтқыр уәжбен жарысып, елге Оразалы дәстүрінің жалғасып келе жатқанын көрсетті. Мерейтой аясында қонақтардың назарына ақынның өмір жолынан сыр шертетін фотокөрме ұсынылып, мәдениет үйі маңында ақшаңқай киіз үйлер тігіліп, ұлттық тағамдар таратылды. Сондай-ақ салт-дәстүрді дәріптейтін көрме де жұртшылықтың көңілінен шықты.

Бақыт Жағыпарұлы, айтыскер ақын:

Ораздың ізіндегі өсіп келе жатқан ұл-қыздар бар. Соны сараптайық. Соларды ел ішінен іздейік деген мақсатпен ұйымдастырылып отыр бұл оқушылар айтысы. Бұл Оразалы өмірден өткелі әртүрлі шаралар ұйымдастырылды. Еске алу шаралары, кітаптары шығарылды. Ересектер арасында, орта буын жастар арасында айтыстар өткізілді. Бірақ Оразалы өмірден өткелі бері республикалық деңгейдегі оқушылар айтысы біздің өңірде, осы сахнада тұңғыш рет өткізіліп жатыр.

Қуан Нұрақын, тілші:

Небәрі 29 жасында қайтыс болған Оразалы Досбосынов – өлеңі отты, айтыста қайтпас қайсарлығымен, өткір тілімен дараланған ақын. Жыр әлемінде өзіндік ізі қалған ақынның 50 жылдық мерейтойы туған елінде айшықты шаралармен аталып өтіп, рухына тағзым жасалды. Жыр додасы кешке дейін жалғасады. Сөздің мәйегін келтіріп, оқ бойы озық шыққан өрендерге ақшалай жүлделер беріледі.


Бөлісу