Алматыда колледждер білім берудің жаңа моделіне көшті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда колледждер білім берудің жаңа моделіне көшті

08.08.2025

Алматының төрт колледжі техникалық және кәсіптік білім берудің жаңа моделіне көшті. Оқу орындарында заманауи құралдармен жабдықталған Құзыреттілік орталықтары жұмыс істейді. Бұл сұранысқа ие жұмысшы мамандарды талапқа сай даярлауға мүмкіндік береді. Сондықтан болар халықаралық сарапшылар қазақстандық студенттердің даярлық деңгейін халықаралық стандарттарға сай деп таныды.

Дуалды оқыту, цифрлық технология, халықаралық стандарттарға сай бағдарлама. Шәкірттер тек теорияны оқып қоймай, нақты өндірісте шеберлігін шыңдай алады. Қазірдің өзінде бұл жаңашылдық нәтижесін бере бастаған. Мәселен, былтыр алматылық екі студент Францияда өткен халықаралық жарыста «Үздік студент» аталымын жеңіп алды. Бұл – Ұлттық құрама үшін тарихи жетістік.

Бауыржан Мұхамеджанов, Алматы құрылыс-техникалық колледжінің бөлім меңгерушісі, халықаралық сарапшы:

Алдағы жарыс қыркүйек айында болады, 25 мамандық бойынша барады. Соның ішінде біздің де мамандығымыз бар. Бұл Данияда өтеді. Соңғы жарыстардан байқалып жатыр, біздің командалық есеп бойынша біз ондықтан жоғарыладық. Біз шетелдерге барып тағылымдамадан өтіп, білім алып келуге мұғалімдер жіберіп жатыр және де дуалдық оқу жүйесі де өз нәтижесін беріп жатыр.

Сондай-ақ Алматы энергетика және электронды технологиялар колледжінде «Ақылды үй» жобасы іске асуда. Мұның еңбек нарығына қажетті заманауи электриктерді дайындауда маңызы зор. Осы уақытқа дейін «электромонтер» мен «электромонтажшы» мамандықтары бойынша 500-ден астам маман оқытылған.

Бақдәулет Абызбаев, Алматы энергетика және электронды технологиялар колледжінің директоры:

Дуалды оқыту жүйесінің үлкен нәтижесі ретінде айтсақ болады, қазіргі таңда біздің колледж түлектеріміздің 95 пайызы жұмыспен, өзінің мамандығы бойынша жұмыспен қамтылып отыр. Балаларымыз оқу процесі кезінде барлық практиканы сол мекеменің базасында өткеннен кейін, бітіргеннен кейін сол мекеменің әрбір аппаратымен, әрбір станогымен, барлық жұмысымен таныс болғаннан кейін жақсы маман ретінде сұранысқа ие.

Құзыреттілік орталықтары жай ғана сынып емес, бұл – жаңа буын мамандарын даярлайтын заманауи білім хабтары. Жастарға жарқын болашақ сыйлайтын, адам капиталына салынған инвестиция.

Асылбек Данияр

Хабарламаларға жазылу