ШҚО-да шаруалар су тапшылығынан жерді толық иегере алмай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-да шаруалар су тапшылығынан жерді толық иегере алмай отыр

21.07.2025

Шығыстағы Зайсан ауданындағы шаруалар су тапшылығынан жерді толық иегере алмай отыр. Бұл ауданда егістік алқаптың барлығы суармалы. Сондықтан қазір суды көп қажет етпейтін дақылдарды егуге көшкен. Ал қаржысы жететін ірі шаруашылықтар жаңбырлату және тамшылатып суаратын құрылғыларды әкеп орнатып жатыр.

Талғат Барханов биыл 80 гектар жерге асқабақ, 150 гектарға күнбағыс еккен. Бұл егістік алқап бұрын су жетпей сортаңы шығып тоза бастаған. Биыл ерте көктемнен шаруа жерді дайындап дән септі.Бірден тамшылатып суару әдісін қолданған.

Талғат Барханов, шаруа:

Биыл, міне, Зайсанда құрғақшылық жаңбыр мүлде жауған жоқ осы жерге. Міне осының арқасында көп экономдап тұрмыз. Жерді қаздық. Содан суарып отырмыз. Су көп келмейді екен. Өзіміз есептеп отырмыз. Тәуліктік нормасы ары кетсе 70-80 гектарға 500 литр су кетіп тұр.

Келіп тұрған судың әр тамшысы зайсандық шаруалар үшін жазда алтынға тең. Өйткені тек Қарабұлақ ауылындағы жалпы 101 шаруа қожалағының иелігінде 3,5 мың гектар жер бар. Қазір шаруалар 2 мың гектарын ғана игеріп отыр.Себебі су тапшы.

Қайырбек Дүйсекұлы, агроном:

Негізігі каналдан келген судың 70 пайызы жерге құмға сіңіп кетеді. 30 пайызы ғана шаруа қожалығына келеді. Жолдың ұзақтығы бар. Енді осыны қолға алатын болсақ, келер жылы бұдан да жақсарамыз ба деп отырмыз.

Жалпы Зайсан ауданында ауыл шаруашылығы бағытында 1 млн 80 мың гектар жер болса, оның 28 мың гектары егістік. Қазір шаруалар 12 мың гектардан астамын ғана игеріп отыр. Кендірлі мен Үйдене бөгетіне жиналған су әуелі 23 шақырым болатын үлкен каналға түседі. Одан соң ішкі ұсақ каналдар арқылы алқаптарға жайылады. Бірақ қазір ол түгел қираған.

Қайрат Кәрімов, Зайсан ауданы Ауыл шаруашылығы және кәcіпкерлік бөлімінің басшысы:

Мынау «Үйдене» су қоймасына байланысты 113 шақырым 30 канал, «Кендірлік» су қоймасына байланысты 180 шақырым 20 канал осыларды жөндесек келешекте осы біздің егістік жерлер 100 пайызға дейін иегереді деген жоспарымыз бар.

Салынғанына 60 жыл болған бұған дейін қарауасыз жатқан ұсақ каналдар қазір Зайсан ауданынының коммуналдық қарамағына өтті. Былтырдан бері бар-жоғы түгенделіп жөндеге жоба жасауға биыл 54 миллион теңге бөлінді. Ал жалпы каналдарды жөндеуге қанша қаржы керек екені әзірге белгісіз.

Олжас Керейхан


Хабарламаларға жазылу