Астанадағы «Big Шанхай» базарында болған өрттен жүздеген кәсіпкер зардап шекті. Үш қабатты сауда үйі түгелдей отқа оранып, жүздеген сауда дүкені мен тауар күлге айналды. Қазір оқиға орнында тиісті органдар жұмыс істеп жатыр. Кәсіпкерлерге қолдау көрсету үшін арнайы штаб құрылды.
Динара Жарқынбек, тілші:
«Big Shanghai» базарының орнында қазір тек қою түтін мен күйік иісі қалды. Кеше түнде басталған алапат өрт үш қабатты ғимаратты аз уақытта түгел шарпыған. Жалпы ауданы – 30 мың шаршы метрден асады. Қазір де шоғынан шыққан түтін тыншымай тұр. Төтенше жағдайлар қызметінің ақпарынша, іште тез тұтанатын материал киім-кешек, пластик, резеңке өнімдері өте көп болған. Соның салдарынан от лезде тарап, ғимараттың төбесі опырылып түскен. Өкінішке қарай, құтқарушылардың үшеуі жарақат алды. Біреуі – бас сүйек-ми жарақатымен ауруханаға жеткізілді. Қазір базар маңы қоршалған.
Қанат Алтынбеков, Астана ТЖД бастығының орынбасары:
Қазір өрттің себебін анықтау үшін өрт-техникалық зертханасы жұмыс істеуде. Сонымен қатар бірқатар сараптама тағайындалды. Сол сараптамалардың қорытындысы бойынша өрттің нақты себебі мен алдын ала келтірілген материалдық шығын көлемі анықталады.
Динара Жарқынбек, тілші:
Өрттен 260-тан астам кәсіпкердің сауда нүктесі зардап шеккен. Жаңа тауар, сауда сөрелері, кассалар бәрі күлге айналды. Қазір бұл жерде қалың түтін мен қираған сөрелер ғана.
Мұхтар Әлқазыұлы, кәсіпкер:
Біз көрпе-жастық, орамал және төсек жаймаларын сатамыз. Кішкене-кішкене 4 бутик болатын. Бәрін қосып алғам, бір дүкен етіп. 150 млн шығынға батып отырмын.
Қала әкімдігінің бастамасымен түрлі сала өкілдерінен арнайы штаб құрылды. Олар кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп жатыр. Банктік міндеттемелерді кейінге шегеру, салық төлемдерін үш жылға бөліп төлеу мүмкіндіктері қарастырылуда.
Нұрлыбек Сейдулла, Байқоңыр ауданы Мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары:
Егер салық төлеушілер салықты төлей алмайтын болса, кірістер органы комитетінің тарапынан біз ол кісілерге бөліп төлеу шарасын береміз. Бөліп төлеу шарасы 3 жылға дейін беріледі. Оны бір айлап төлеуге, кварталдап төлеуге немес 6 айда бір рет төлеуге.
Базар әкімшілігі де қарап қалған жоқ. Алдағы күндері шығынға ұшыраған кәсіпкерлерге балама сауда орындары ұсынылады. Әзірге шығын көлемі есептеліп жатыр.
Тоғжан Түйтебекова, «Big Shanghai» базарының әкімшілік қызметкері:
Барлық кәсіпкерге біз орындар қарастырамыз. Ешкімді ешқайда қалдырмаймыз. Барлығына орын береміз. Банктерден де келіп, кредиттерін кейінге шегеру қарастырылып жатыр.
Зардап шеккен кәсіпкерлердің тізімі қаржы ұйымдарына жолданып, тиісті қолдау шараларын әрі қарай пысықтау жоспарланып отыр.
Динара Жарқынбек
