Қазақ әдебиті қара жамылды. Халық жазушысы, ақын Исраил Сапарбай 85 жасқа қарағанда шағында өмірден өтті. Ол – ұлт руханиятына өлшеусіз мұра қалдырған көрнекті қаламгер еді. Мемлекет басшысы ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Исраил Сапарбайдың отбасына көңіл айту жеделхатын жолдады. Соңына бай әдеби-мәдени мұра қалдырған Исраил Сапарбайдың жарқын бейнесі мен есімі ұмытылмайды, деп жазылған жеделхатта. Өміршең туындыларымен қалың оқырманның жүрегін жаулаған қаламгер жайлы тілшіміздің бейнематериалы.
Оның өлеңдері сезімді селт еткізеді. Жүректен шыққан жырлары таза лирикиға лайықталған. Сыршыл ақынның «Аққу арманы» поэзия әлеміне алғашқы қадамы болса, «Қызыл-жасыл дүние», «Түнгі әуендер», «Жүрегіме ұя салған қарлығаш» атты жинақтары қазақ әдебиетінің алтын қорына енді.
Нұрлан Оразалин, ақын, Мемлекет және қоғам қайраткері:
Махаббаттан шаршаған күні адам өлуі керек қой деп отыратын. Әйел затының жан әлемін жырлауда, әйел заты мен әлемнің арасында көпір салуда сол өлеңдерінің бәрінде жай ғана жеңіл әлемдік поэзияға қосылатын арна секілді қазақтың өлең әлеміне жаңа өзінің ағысын, арнасын әкеліп салған ақын болды.
Қарымды қаламгер 1941 жылдың 15 мамырында Самарқанд облысында дүниеге келген. Әкеден небәрі екі жаста жетім қалады. Балалық дәурені тауқыметпен өтеді. Өмір иірімін қым-қуыт тіршілікпен шектемей, поэзия арқылы өз тағдырын жазды, қоғамның дертімен ұштастырды. Сөзге әуен қосты. Қағаз бетіне өрнектеген кейіпкерлері, театр сахнасында сөйледі. Десе де өзінің тағдырын байлаған өлең дейтін өрісі кең әлемнен алыстап кетпеді.
Қасымхан Бегманов, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары:
Қазір қазақ аспанында Исраил Сапарбайдың әндері өте жиі орындалады деп айтса қателеспейміз. Бүкіл қазақ даласындағы театрларда Исраил Сапарбайдың пьессалары қойылды. Мәселен, «Сыған серенадасы» деген пьессасы Шәмші Қалдаяқовқа арналған пьессасы, Ақсақ Темірге арналғаны, тарихи тақырыптарға жазған пьессалары драматургия саласында сондай өнімді, жемісті еңбек етті.
Исраил Сапарбай – ерекше үнімен, нәзік талғамымен, ақындық қуатымен қазақ әдебиеті шежіресінде із қалдырды. Қаламынан туындаған шығармаларынан салмақты, салиқалы, биязы мінезі айқын көрінеді. Ақын қаттаған өлеңімен қалың оқырманының жадында мәңгі!
Айдана Қуантхан
