Президент қол қойған жаңа Салық кодексіне сәйкес енді баспа түріндегі кітап өнімдеріне қосымша құн салығы 12%-дан 10%-ға төмендетілді. Бұл өзгеріс баспа өндірісі үшін үлкен серпіліс болуы мүмкін, дейді сала мамандары. Олардың сөзінше, салықтық жеңілдік мекемелердің тынысын ашып қана қоймай, кітап таралымын көбейтіп, оның құнын төмендетуге де ықпал етпек.
Еліміздегі ірі баспа және кітап сатушы мекемелердің бірі – «Алматыкiтап» ел қазынасына тұрақты салық төлейтін жетекші баспаналар қатарына кіреді. Мекеме өкілі Гүлмарал Қабдолашеваның сөзінше, жаңа өзгеріс талғамы биік оқырманға қолжетімді бағадағы өнім ұсынуға мүмкіндік береді.
Гүлмарал Қабдолашева, «Алматыкітап» баспасының өкілі:
Бұрын біз ақшаға қарай аз тиражбен шығарып жүрсек, енді салық құны кішкене азайғаннан кейін, әрине, авторлардың қатарын көбейтеміз. Таралымның да санын көбейтеміз. Кітап, оқулықтардың өзіндік бағасы кішкене төмендейтін болады.
Алайда баспа шығаратын тауарлардың толықтай отандық өнім болуына кедергілер бар. Мәселен, кітап шығаруға қажетті шикізаттың сырттан әкелінуі. Бұл басты фактор өнімнің өзіндік құнын арттырып, саланың даму қарқынына әсер етіп жатыр, - дейді Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы.
Толқын Тұрғалиқызы, ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы директорының орынбасары:
Баспалардың шығаратын кітаптарына керек заттардың бәрі қағаз, желім, мата шетелден әкелінеді. 3-4-ақ полиграфия бар кітап басып шығаратын. Көп жеке баспалар көршілес елдердің қызметіне жүгінеді.
Ал экономист Мақсат Халық бұл өзгерісті ұлттың рухани дамуымен байланыстырады. Яғни, сарапшының ойынша, мұндай салықтық жеңілдік тұтас елдің зияткерлік капиталына қомақты инвестиция салумен пара-пар.
Мақсат Халық, экономист:
Біз кітап оқитын ұрпақ қалыптастырамыз десек, бұл жақта өте үлкен ынталандырулардың болғаны дұрыс. Өскелең ұрпақ осы кітапқа қызығушылықпен, зейін қойып өссе, онда бұл салада белгілі дәрежеде ертең сұраныс пайда болады.
Салық кодексіндегі өзгерістер баспа ісіне серпін береді деген үміт бар. Бірақ оның нәтижесі саладағы жүйелі қолдау мен кешенді шараларға тікелей байланысты, дейді мамандар.
Жазира Оразқызы
