Павлодар іргесіндегі Ақсу қаласында дүлей дауылдан зақым келген нысандардың 90 пайызы жөнделді. Ал шатыры ұшып, пәтер ішінен дала көрініп қалған 2 қабатты қос үйдің тұрғындары, яғни 16 отбасы әлі баспана жалдап жүр. Арнайы жасалған сараптамадан кейін оларға бұл үйден бас тартып, баспана кезегіне қайта тұру немесе алдағы екі айда үйдің шатырын қайта жауып, жеңіл-желпі жөндеу жүргізу ұсынылды.
Асайын Байханов, облыс әкімі:
Ал үшінші нұсқа - екінші қабатын толықтай алып тастап, қайта күрделі жөндеу, үстіне бетоннан жасалған плита төсеу, шатырын бәрін жөндеу. Ол жұмыстарға 7-8 ай талап етіледі.
Ал тұрғындар 3-4 күн ойлануға мұрсат сұрады. Естеріңізге сала кетейік, маусымның 19-ы күні секундына 43 метр жылдамдықпен соққан дүлей дауыл кезінде Екібастұз, Ақсу, Павлодар қаласы Май ауданы мен Баянауыда жүздеген үй мен әлеуметтік нысан бүлінді. Әсіресе Ақсу қаласында шығын көп. 459 нысан, 99 көппәтерлі және 281 жеке тұрғын үйге зақым келді. 443 электр бағаны құлады. Дауыл салдарын жою үшін әлі күнге дейін үш бригада жұмыс істеп жатыр. Жеке үйлерде тұратын 79 отбасы 30 млн теңгеге жуық көмек қаржы алды.
Болат Аманбаев
