Енді вейптерді сақтап-тасымалдайтындар жазаланады. Мемлекет басшысы кеше ғана түзетулер енгізілген заңға қол қойды. Талаптың күшеюіне не себеп?
Былтыр 20 маусымнан бастап шегуге келмейтін темекі өнімдерін, вейптерді, оларға арналған хош иістендіргіштерді және сұйық заттарды сатуға, таратуға, сондай-ақ оларды жарнамалауға тыйым салынды. Заң күшіне енгелі бір жыл өтсе де, көлеңкелі нарық тыйылар емес. Сауда негізінен онлайн-мессенджерлер арқылы жүреді.
Қаржы мониторинг агенттігінің дерегінше, Қазақстанда жыл басынан бері вейптердің заңсыз айналымына қатысты 32 дерек тіркелген. 440 мыңнан астам бұйым тәркіленіп, жойылған. Олардың жалпы құны 1,8 млрд теңгеден асқан. 14 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Биыл заңға тағы бірқатар өзгеріс енгізілді. Енді вейптерді сатпақшы болғандар, яғни, өнімді сақтап, тасымалдағандар жазаланады. Ал мамандар бұл өнімді темекіден де зиян деп отыр.
Жанна Ешмағамбетова, дәрігер-терапевт:
Вейп жоғары температураның салдарынан, сұйықтықтың құрамындағы никотин бірден қанға сіңеді. Сондықтан электронды шылым шегу қарапайым шылым шегуге қарағанда өте зиян. Құрамында әртүрлі уытты заттар болғандықтан, ол бірінші аллергиялық әртүрлі реакцияға әкелуі мүмкін. Сонымен қатар тыныс алу жүйесі бұзылады. Ми тамырының атеросклерозіне әкелуі мүмкін.
Құзырлы органдар заңбұзушылықтың алдын алу үшін түрлі жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтады.
Ерлан Санатов, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің аға инспекторы:
Министрлік өңірлік Полиция департаменттерімен бірлесіп, арнайы жедел профилактикалық іс-шаралар өткізіледі. Сонымен қатар, кедендік және санитарлық бақылау органдарымен өзара іс-қимыл күшейтілген. Жасөспірімдер арасында түсіндіру жұмыстары және мектептер мен колледждерде дәстүрлі дәрістер өткізіледі.
Вейпті көбіне жастар мен кәмелетке толмағандар тұтынады. Көлеңкелі нарықта да бұл өнімнің айналымы азаймай тұр. Заң сондықтан да күшейіп отыр, дейді жауаптылар.
Темірлан Нұржанұлы
