Сирияның уақытша президенті друздарды қорғауға уәде берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сирияның уақытша президенті друздарды қорғауға уәде берді

17.07.2025

Сирияда друздар мен сүннит бәдауи жасақтары арасында қайтадан ымыра жарияланды. Екі жақ арасындағы атыс АҚШ-тың, Түркияның, Араб елдерінің арағайындығымен тоқтаған. Бірақ бітімнің қашанға дейін сақталары әзірге белгісіз. Сирияның оңтүстігінде дінаралық қақтығыс жексенбі күні басталды. Содан бері 350-ден астам адам қаза тапқан. Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, қантөгістің басталуына друздар мен бәдауилердің бір-біріне шабуыл жасап, адамдарды ұрлау фактілері себепші. Друздарды жақтаған Израиль соңғы күндері Сирияда әскери штаб-пәтерлер мен көліктерді және қару-жарақ қоймаларын бомбалады. Бұған ашынған уақытша президент Ахмед әш-Шараа Израильді айыптап, друздарды қорғауға уәде берді.

 Ахмед әш-Шараа, Сирияның уақытша президенті:

Құрметті сириялықтар жаңа сынаққа тап болып отыр. Еліміздің бірлігін, халқымыздың абыройын қорғауға бағытталған шайқастың қақ ортасында өмір сүріп жатырмыз. Бұрынғы режим құлағаннан бері тұрақтылығымызды нысанаға алып, арамызда алауыздық тудырған Израиль қасиетті жерімізді қайтадан бей-берекетсіздіктің аренасына айналдырғысы келеді. Осы орайда друздарға үндеу жолдап, олардың құқығы мен бостандығын қорғау – басым бағытта екенін жеткізгім келеді.

Арыстан Рысбек


Хабарламаларға жазылу