Шымкентте қаржы пирамидасын ұйымдастырғандар 200-дей адамды алдаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте қаржы пирамидасын ұйымдастырғандар 200-дей адамды алдаған

17.07.2025

Шымкентте тағы бір қаржы пирамидасының алаяқтық әрекеті әшкере болды. Оны ұйымдастырушылар құрылымға ақша салған азаматтарға «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының акцияларын сатып алу арқылы жылдам әрі мол табыс тауып беруге сендірген. Яғни, әр 15 күн сайын салымшылар берген сомманың тең жартысын кіріс ретінде алып отыратын болып уағдаласқан. Бірақ іс жүзінде азаматтардың қаржысына ешқандай бағалы қағаздар сатып алынбаған. Төлемдер тек пирамидаға жаңадан тартылған қатысушылардың ақшасы есебінен төленіп отырған. Осылайша 200-дей азамат алаяқтардың құрбанына айналып, жалпы сомасы 1 миллиард теңгеден астам қаржысынан айырылған. Қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар заңсыз жолмен табылған ақшаға құны 438 миллион теңгеден асатын екі қымбат көлік пен тұрғын үй және мейрамхана сатып алғаны анықталды.

Ернар Тайжан, Қаржы мониторингі агенттігінің ресми өкілі:

Бұл мүліктер ықтимал тәркілеуден жасыру мақсатында туыстарының атына рәсімделген. Сот санкциясымен аталған мүлікке тыйым салынды. Күдіктілер қамауға алынды. Тергеу амалдары жалғасуда.

Ғани Қалмахан


Хабарламаларға жазылу