Алматыда газ құбыры жарылып, автокөлікті төңкеріп жіберді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда газ құбыры жарылып, автокөлікті төңкеріп жіберді

16.07.2025

Алматыда газ құбыры жарылып, жүріп бара жатқан автокөлікті төңкеріп жіберді. Оқыс оқиға Бұқар жырау мен Байзақов көшелерінің қиылысында, түскі сағат 11 жарым шамасында болған. Салдарынан көлік жүргізушісі мен жанындағы жолаушы жарақат алды. Зардап шеккендер дереу ауруханаға жеткізіліпті. Қалалық денсаулық департаментінің мәліметінше, қазір екі адамның да жағдайы тұрақты, амбулаториялық ем қабылдауға жіберілген. Жарылыс болған аумақта мердігер компания жаңадан салынған газ құбырын жоғары қысыммен сынау жұмыстарын жүргізіп жатқан. Құбыр шыдамай, жарылған. Ауа қысымының қатты болғаны соншалық, жолда кетіп бара жатқан көлік аударылып, жол жабыны қопарылып, тал құлаған. Қазір жарылыс болған аумақ қоршауға алынып, тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Екатерина Железина, қала тұрғыны:

Олар құбыр ауыстыру жұмыстары кезінде үш апат жасады. Олар жауын-шашынға арналған кәріз жүйесін, жылу жүйесін бұзып өтті. Мына жарылыстан соң қорқып отырмыз. Газ беруді тоқтатпады, бірақ өз қауіпсіздігіміз үшін крандарды жауып тастадық.

Айбек Қасымов, «Qazaqgaz Aimaq» АҚ Алматы өндірістік филиалының өндірістік-техникалық бөлімінің басшысы:

Бұл құбыр пайдалануға берілмеді әрі газ жүйесіне қосылмаған. Әдетте талап бойынша жаңа салынған газ құбырының бүтін екеніне көз жеткізіп, беріктігін тексереміз. Ауа үрлеу арқылы сынақтан өткізеді. Жоғары қысымның салдарынан ауа қоспасы сыртқа шыққан.

Айдана Қуантхан

Хабарламаларға жазылу