Алматыда әуежай қызметкерін кепілге алып, дүйім елді дүрліктірген Машрапбек Баратов 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейді. Бүгін 3 айдан аса уақытқа созылған сот отырысы аяқталып, атышулы іске нүкте қойылды. Қайта тергеудің нәтижесі бойынша қылмыстың саралануы өзгеріссіз қалды.
Жазира Оразқызы, тілші:
67 жастағы Машрапбек Баратовқа қатысты Қылмыстық Кодекстің үш бабы бойынша айып тағылды: кепілге алу, қару қолдану арқылы жасалған бұзақылық және терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау. Судья Анар Қарашева сот үкімін 5 минут ішінде оқып шығып, артынан түсіндіре кетті. 3 бап бойынша және осыдан 1 жыл бұрынғы қылмыстық ісі де ескеріліп, айыпталушы 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Алғашқы сот отырысы 7 сәуір күні Түрксіб аудандық сотында басталған. Сот отырыстарында Прокурор Алмас Бертаев сотталушының кінәсі жәбірленушілер мен куәгерлердің айғақтары, сондай-ақ бейнежазбалар арқылы толық дәлелденгенін жеткізген. Ол күні кеше Машрапбек Баратовты кінәлі деп танып, ақырғы жаза ретінде 10 жыл 6 ай бас бостандығынан айыруды ұсынған.
Анар Қарашева, судья:
Сот барлық дәлелдеме айғақты жан-жақты зерттеп, айыпталушының кінәсін мойындағанын назарға ала отырып, Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша Машрапбек Баратовқа 10 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар 2024 жылғы тағы бір қылмыстық ісі ескеріліп, жазалар жиынтықталып, оған 11 жыл бас бостандығынан айыру жазасы белгіленді. Сот үкіміне сәйкес, ол жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейді.
Жазира Оразқызы, тілші:
Соңғы сөзінде Машрапбек Баратов жәбірленушілерден кешірім сұрап, жасаған ісіне өкінетінін жеткізген. Іс материалдарына сәйкес, 2025 жылдың 7 наурызында Баратов Алматы халықаралық әуежайына суық қаруымен келген. Бақылау бекетінде тексеру қызметінің инспекторы жәбірленуші Ботагөз Мұхтарова оны тоқтатып, әрі қарай өту үшін отырғызу талоны мен құжатын көрсетуді сұраған. Сол мезетте ашуға булыққан зейнеткер қызды кепілге алып, көпшілік алдында пышақ кезенген. Бірнеше талабын қойып, егер орындалмаса, әуежай ғимаратын жарып жіберемін деп қорқытқан. Сотталушыны туыстарын щығарып салуға келген Мұса Әбдірайым тоқтатқан. Ол ер адамға өзін кепілге ұсынып, қызметкердің орнына тұра қалған сәтте қолындағы пышағын жұлып алған. Бүгінгі сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. Сотталушы сот үкіміне әлі де шағымдануға құқылы.
Жазира Оразқызы
