Елімізде биыл 71 адам суға батып көз жұмған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде биыл 71 адам суға батып көз жұмған

11.07.2025

Биыл ел бойынша 71 адам суға кетіп, қайтыс болған. Ал жыл басынан бері суға түсу ережелерін бұзған 902 адамға айыппұл салынды. Оның ең азы шамамен 30 мың теңге. Себебі, көпшілік суға түсудің қарапайым ережелерін сақтамайды,-дейді мамандар.

Аманкелді Сейтхан, тілші:

Жыл басынан бері 71 адам суға батып кеткен. Оның 30-ы бала. Ал 132 адам суға батып жатқан жерінен дер кезінде құтқарылған. Оның 35-і бала. Яғни, бұл сандар суға түсу кезінде көпшіліктің қауіпсіздік ережелерін сақтай бермейтінін көрсетеді.

Дидар Қажыкенов, ҚР ТЖМ Төтенше жағдайларды жою департаментінің бас маманы:

Көбіне суға батып кетуге адам өз күшін дұрыс есептемей, дұрыс жүзе алмауы себеп болады. Одан кейін балаларды қараусыз қалдыру да осындай жағдайға себеп.

Шынында, Есіл өзенін қайықпен бір шолып шыққанда-ақ, жағадан балық аулаушылар, отбасымен демалып отырғандар, су кешіп ойнап жүрген балалар көп кездесті.

Құтқарушылардың сөзінше, суға кетіп қаза болып жатқандардың дені 17-18 жастағылар. Ал оқыс оқиғалардың 70 пайыздан астамы суға түсуге рұқсат етілмеген аймақтарда болған.

Аманкелді Сейтхан, тілші:

Елімізде суға түсуге рұқсат етілген қазір 722 орын бар. Оның 464-і жеке жағажай. Қалған 245-і коммуналдық, 13-і спорт және туризм орындары. Қай жерге барып суға түсуге болатынын 2Gis қосымшасына жағажай деп жазсаңыз көрсетілген.

Өкініштісі, осы рұқсат етілген аймақтарда да қайғылы жағдайлар болады. Өйткені, мұнда да ережені елемейтіндер жетерлік.

Дәурен Қайыров, жеке жағалаудың жауапты өкілі:

Көпірден секіретіндер бар. Күніне 2 мыңдай адам келеді, оларды үнемі қарап отыру оңай емес. Күзетшілер бақылап жүрсе де, ереже бұзатындар көп.

Рұқсат етілген аймақтарда құтқарушылар, алғашқы көмек көрсетушілер болуы міндетті. Олай болмаса жағалау иелері жауапқа тартылады. Тиісінше, заң бұзған жеке азаматтарға да айыппұл салынады.

Айыппұлдан бұрын, өз өмірін сақтау үшін адамдар мына ережелерді бұзбауы тиіс. Суға жалғыз түспеу. Жүзу білмесе белден жоғары тереңдікке бармау. Ішімдік ішіп суға шомылмау. Балаларды жағаға жақын қалдырмау.

Осы ережені бұзғандар бірден жауапқа тартылады. Биыл сондай азаматтарға салынған айыппұл көлемі 1 жарым млрд теңгеге жеткен. Ал қайғылы жағдайлардың алын алу үшін құтқарушылар 40 мыңға жуық рейд өткізген.

Амангелді Сейтхан


Хабарламаларға жазылу