Уимболдонда тағы бір сенсация. Бұл жолы ересектер арасындағы жекелей сында. Жартылай финалда әлемнің бірінші ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболеноко оңбай жеңілді. Ол финал жолдамасы үшін болған матчта рейтингте 13-орында тұрған, америкалық Аманда Анисимовадан айласын асыра алмады. АҚШ спортшысы алғашқы сәтте-ақ өзінің оңай шағылатын жаңғақ емес екенін көрсетті. 6:4 есебімен алға шықты. Арина болса, екінші сетте барынша есе қайтаруға тырысты. Қиналса да дегеніне жетті. Алайда, шешуші партияда айы оңынан тумады. Осылайша, Аманда спорттық мансабында тұңғыш рет Үлкен Дулыға турнирінің финалына жолдама алды. Беларусь қызы болса осымен үшінші рет жартылай финалдан әрі аса алмады.
Талайға дес бермеген, әлемнің экс-бірінші ракеткасы, польшалық Ига Швентек те тұңғыш рет Уимболдонның финалына жолдама алды. Үлкен Дулыға турнирінің бес дүркін чемпионы, Париж Олимпиадасының қола жүлдегері жартылай финалда швейцариялық Белинда Бенчичті ойсырата жеңді. Екі сет қорытындысы бойынша есеп: 6:2, 6:0. Финал ертең, яғни 12 шілдеде өтеді. Ал, ерлер бүгін жекелей сында финалистерді анықтайды.
Асылбек Данияр
