Шымкентте салынғанына небәрі 8 жыл ғана болған зәулім мектептің спорт залы апатты жағдайға жетті. Өйткені оған апаратын дәліз бен ойын алаңының едендері шөгіп, қабырғалары қақырап барады. Ал оны қайта жөндеу ісі созбалаңға салынып келеді.
Спорт залдың едені қайта-қайта шөге берген соң, осы кезге дейін бірнеше рет бетон құйып тегістеуге тура келген. Қазір ойын алаңының табаны бастапқы қалпынан бір қарыс төмен түсіп кеткен. Ойлы-қырлы. Ал бір жақ қабырғасы жарылып, шатырдан көк аспан көрінеді. Сондықтан спорт залы өткен оқу жылынан бері тарс жабық. Денешынықтыру сабағы жылы кезде далада, күн суытқанда кабинеттерде өтеді.
Өмірзақ Керімбеков, мектеп директорының шаруашылық ісі жөніндегі орынбасары:
Едендеріміз жыл сайын 3-4 сантиметрге дейін кетіп жатыр. Қазіргі таңда 15 сантиметрге дейін ойнап кеткен. 2024 жылы жарықтың көлемі 1 елі болған болса, бүгінде 2 еліге көбейе бастады.
Ғимараттағы ақау мектеп пайдаға беріле салысымен-ақ байқала бастаған. Тағы бірнеше оқу бөлмесінің де табаны шөгіп барады. Мектеп басшыларының жылдағы сөзіне ешкім құлақ аспай келген-ді. Былтыр білім басқармасынан арнайы қаржы бөлініп, техникалық сараптама жасалды. Ақтау қаласынан келген құзырлы мекеме зерттеу жүргізіп, мектеп ғимараты астында жер асты суының деңгейі көтерілгенін анықтады.
Ерлан Пірімқұлов, қалалық білім басқармасының бас маманы:
Ол жердің суы мектептің төбесінен болмаса, қардың еріген суынан емес, жер асты суы екені анықталып отыр. Техникалық сараптама құжаты бойынша, оны қайта құрсаулау, апаттың алдын алу жұмыстары жүргізілуі керек.
Алайда құрылыс басқармасы өкілдері бұл сараптаманың қорытындысына күмәнмен қарап отыр. Сондықтан қазір қайта зерделеу ісі жүріп жатыр.
Айдын Секенұлы, қалалық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:
Жер асты суларына тән. Себебі деңгейі көтеріліп, түсуі мүмкін. Құрылыс жұмыстары жүргізілген кезде су деңгейі төмен болған болуы керек. Ал қазіргі таңда көтерілуі мүмкін. Оны қазір анықтаудамыз.
Білім ұясында 2 мың 300-ден аса бала оқиды. Мектеп құрылысына 1 миллиард 100 миллион теңге жұмсалған. Қайта тағайындалған сараптама қорытындысы ғимараттың бүлінуіне жер асты суының әсері бар екенін растаса мектепті салған мердігер мекеме өз қаржысына күрделі жөндеу жасап беруге міндеттеледі. Бұл жұмысты жыл соңына дейін аяқтауы тиіс, дейді тапсырыс берушілер.
Ғани Қалмаханов
