Қазақстан намысын қорғап жүрген барлық спортшы Мемлекеттік Әнұранды жатқа білуге міндетті. Бұл жауапкершілік жеке жаттықтырушылар мен бапкерлерге жүктеледі. Олар әнұран мәтінін жаттап қана қоймай, музыкамен ілесіп орындауды да үйрену керек. Туризм және спорт министрлігі спорттық этикаға осындай өзгерістер енгізді.
Бұдан былай спортшылар, жаттықтырушылар, оқытушы-жаттықтырушылар мен төрешілерге талап қатаңдай түседі. Оларға қоғамдық орында мас күйінде жүруге тыйым салынады. Адал ойын принципін сақтау міндеттеледі. Сондай-ақ, өзге спортшылар мен еріктілердің ар-намысын құрметтеу талап етіледі. Спорттық шаралар мен марапаттау рәсімдерінде саяси ұрандарға жол берілмейді. Қазақстанның және өзге де елдердің мемлекеттік рәміздеріне құрметпен қарау керек. Спорттың беделіне нұқсан келтірмей, жарыстың ережесіне бағынуы шарт. Бұдан бөлек, діни нанымдарын ашық насихаттау, өзгелерді діни бірлестіктердің жұмысына немесе миссионерлік әрекетке мәжбүрлеуге қатаң тыйым салынады. Аталған бұйрық 19 шілдеден бастап күшіне енеді.
Асылбек Данияр
