«Ұнайды маған» музыкалық жобасының іріктеу кезеңі жалғасуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Ұнайды маған» музыкалық жобасының іріктеу кезеңі жалғасуда

08.07.2025

«Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы қолға алған «Ұнайды маған» музыкалық жобасының іріктеу кезеңі бүгін бірнеше өңірде өтті. Қарағанды қаласында 40-қа тарта қатысушы өз өнерін көрсетіп, бақ сынады. Облыстың түкпір-түкпірінен келген өнерлі жандардың арасында түрлі сала өкілдері бар. Бірі қарапайым жұмысшы болса, бірі мұғалім. Танымал айтыскер ақын да бар. Естеріңізге салайық, байқау онлайн әрі оффлайн форматта еліміздің ірі қалалары мен облыстарында өтті.   

Еркеғали Бекболат, қатысушы:

Бала кезден ән айтып келемін. Өзімнің авторлық әндерім де бар. Шыққаны бар, шықпағаны бар.

«Ұнайды маған» мегажобасының кастингі өтті

Ал Оралда жаңа музыкалық мегажобаның кастингі «Aqjaiyq» телеарнасында өтті. Мақсат - танылмаған таланттарды ашу, олардың кәсіби үлкен сахнаға шығуына мүмкіндік беру. Қатысушылар тек акапелла жанрында ән орындауы тиіс. Музыкалық сүйемелдеуге немесе аспап қолдануға тыйым салынады. Әр үміткерге табиғи дауыста 2 ән орындауға болады. Оның бірі міндетті түрде қазақ тілінде болуы тиіс. Екінші туынды қатысушының өз таңдауына байланысты. Үміткерлерге «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасының бастауымен қолға алынған бірегей жобаның музыкалық продюсері, режиссері, продюсері ең үздіктерін таңдап, жолдама береді. Кастинг нәтижесі 14-15 шілдеде жарияланады. 

Айбек Тұрарбеков, «Ұнайды маған» мегажобасының кастингіне қатысушы:

Үйде қолдап отырған отбасыма рақметімді айтқым келеді. Сол кісілер менің қатысуымды тіледі. Көп адам өзінің қорқынышын жеңе алмағанның кесірінен, осындай жобалардан құр қалып, таланттары ашылмай қалады.  «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасына «Ұнайды маған» жобасын ұйымдастырғандарына сәттілік тілеймін!

Ардақ Мұратқызы

Жандос Бақытұлы

Хабарламаларға жазылу