Едіге Емберді Азия рекордын жаңартты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Едіге Емберді Азия рекордын жаңартты

08.07.2025

Қазақстандық ауыр атлет Едіге Емберді Астанада өтіп жатқан Азия біріншілігінде чемпион атанып, құрлықтық рекордты жаңартты. Жастар арасындағы 79 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған отандасымыз жұлқа көтеруде алдымен 146 келіні көтерді. Артынша 150 келіні де оңай еңсеріп, соңғы мүмкіндігінде 153 келіге тапсырыс беріп, бұл салмақты да бағындырды. Серпе көтеру жаттығуында Емберді 194 келіні көтеріп, Азия рекордын жаңартты. Сонымен қатар қос сайыс қорытындысы бойынша 347 келіні еңсеріп, тағы бір рекорд орнатты. Осы салмақта сынға түскен тағы бір қазақстандық спортшы – Ақжол Құрманбек жұлқа көтеруде қола медаль иеленсе, серпе көтеруде күміс жүлдеге қол жеткізді. Қос сайыс нәтижесі бойынша жалпы есепте екінші орынды иеленді.

Едіге Емберді, Ауыр атлетикадан жастар арасындағы Азия чемпионы: 

Итеру қиындау болды аяқ өшеді ғой бірден салмақ тастаған кезде. Сонда да алға қойған мақсатымызды орындадық: 6 мүмкіндік болса, сол алтауында орындадым. Осы жастар арасындағы соңғы жылым болды. Соңғы жылымдағы басты жарысым болды. Оны 3 алтынмен аяқтадым. Алда ересектер арасында келесі жылдан бастап қатысып бастаймын.

Зілтеміршілер 34 медаль жеңіп алды. Бүгін ел қоржынына кезекті алтын медальді жасөспірімдер арасында сынға түскен Кира Данилова салды. 69 келі салмақ дәрежесінде топ жарған ол қос сайыс нәтижесінде 198 келіні еңсерді. Осы салмақтағы тағы бір отандасымыз Софья Шальгина қола жүлдеге ие болды. Сондай-ақ жастар арасында 88 келіде өнер көрсеткен Ерасыл Сәулебеков те өз салмағында үздік шығып, 344 келіні бағындырды. Қазіргі уақытта ұлттық құраманың еншісінде 18 алтын, 5 күміс және 11 қола медаль бар. Жарыс 10 шілдеге дейін жалғасады. Бәсекелерді «Qazsport» телеарнасы тікелей эфирде көрсетіп жатыр.

Асылбек Данияр 

Хабарламаларға жазылу