Қазақстан сирек метал өндірісінде әлемдегі ірі ойыншылардың біріне айналуы мүмкін. Келер жылы елімізде галлий деп аталатын элемент өндірісі қайта жанданбақ. Жоба жүзеге асса онда осы бағытта еліміз Қытайдан кейін екінші орынға шыға алады. Жер қойнауында аз кездесетін металл түрлерінің бізде қанша қоры бар? Ол біз үшін жаңа мұнай бола ала ма?
Галлий - ақшыл жұмсақ металл. Жаңа технология өндірісінде құнды. Көбіне электроника мен радиолокация жүйелерін жасауға қажет. Ғарыш және қорғаныс өнеркәсібінде де қолданылады. Бұған дейін ол Павлодардағы алюминий зауытында өндірілген. Келер жылы кен игеру қайта қолға алынбақ. Оған 20 млн доллар инвестиция құйылады.
Меруерт Ибраева, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ресми өкілі:
Қазақстанда галлий өндірісі 20 тонна көлемінде жүзеге асырылып, негізінен Жапонияға экспортталған. 2012 жылы галлийдің әлемдік нарықтағы бағасы күрт төмендеп, көптеген өндіруші өндіріс көлемін қысқартуға немесе мүлдем тоқтатуға мәжбүр болды. Қазір компания экономикалық тиімді жағдайда жылына 12 тонна өндіруге дайын екенін мәлімдеді. Галлий өндірісі «Қазақстан Алюминийі» зауытында жүзеге аспақ.
Соңғы жылдары әлем нарығында бағалы металдарға сұраныс еселеп артып жатыр. Сарапшылардың болжауынша, алдағы 2-3 жыл ішінде дүниежүзінде литий элементіне деген қажеттілік екі есе көбейсе, кобальт 70%-ға қымбаттауы мүмкін.
Болат Бағадаев, ҚР Минералды ресурстар академиясының академигі:
Жылдан-жылға бұл металдарға сұраныс көбейе береді. 8-12 пайызға дейін көтеріледі деген болжам бар. Өзімізде шикізат қорымыз бар. Көшбасшылардың бірі бола аламыз. Ол үшін барлау жұмыстарын жүргізіп, өндіріс ашып, металлға дейін шығару керек.
Бүгінгі таңда Қазақстан бериллий, тантал, ниобий, рений секілді сирек металдарды әлемдік нарыққа жеткізуші маңызды мемлекеттердің бірі. Ел аумағында қазір 100-ден аса сирек металдардың кен орны анықталған. Мәселен вольфрамның 2,4 млн тонна баланстық қоры бар. Бұдан бөлек 1 млн тонна молибден, 227 мың тонна литий жер қойнауынан табылған.
Құрманғали Дәркенов, аймақтанушы, ЕҰУ профессоры:
Қазіргі кезде Қазақстанда жер астында 46 трлн доллар болатындай пікірлер айтылуда. Бұның өзі Қазақстан экономикасын шапшаң жылжытуға мүмкіндік береді.
Қазір сирек металдар нарығында Қытай көш бастап отыр. Шикізатқа сұраныс АҚШ пен Еуропалық Одақ елдерінде де артып келеді. Осыған байланысты Президент сирек металдарды зерттейтін аймақтық орталық құруды ұсынған. Жалпы, Қазақстанда бес мыңнан астам барланбаған кен орны бар. Оларды игеруге шетелдік геологиялық компаниялар да белсенді тартылмақ.
Шерхан Жамбылұлы
