Қарағанды облысы Шет ауданына қарасты Ағадыр кентінде ерлі-зайыпты шеберлер домбыра жасаумен айналысады. Ата дәстүрді кәсіпке айналдырған отбасы бүгінде 40-қа жуық аспап жасап шығарған. Оны тек жергілікті тұрғындар ғана емес Астана мен Қарағанды қаласынан аранайы тапсырыспен сатып алатындар бар.
Күмбірлеп күйі төгілген мына домбыраны Нұриддин Мырсыздықов жасап шығарған. Ағадыр кентінің тұрғыны инженер болып талай жыл еңбек етсе де, қос ішекке деген қызығушылық осы іске жетелеген. Қанға сіңген қасиет кейіпкерімізді түбі мықты шебер етті.
Нұриддин Мырсыздықов, шебер:
Бала кезден армандайтынмын. Бірнеше домбыра шашып тастадым. Бірақ музыкалық аспап болғандықтан оған музыка жағынан да тақау керек. Білімім жетпейтіндей көрінді. Тек жиһаз ретінде емес, аспап ретінде қарау керек болды да оған білімім жетпеді.
Сол үшін Нұриддин Мырсыздықов арнайы Алматы қаласына аттанып, шеберлерден дәріс алған. Кейін жасаған домбырасына елдің қызығушылығы артып, үлкен кәсіпке айналды. 3 жылдың ішінде 40-қа тарта домбыра жасап шығарған. Оған отбасы да қолғабыс етуде.
Нұриддин Мырсыздықов, шебер:
Бұрынғы ата-бабамыз қарағайдан жасаған. Бізде орманға бай емеспіз. Сондықтан қарағай, шырша, қайыңнан жасаймын. Жұбайым көбінесе лагын жағып, полировка жасайды.
Елімізде ұлттық аспапты нақышына келтіріп орындайтын күйшілер жетерлік. Ал сапалы домбыра жасайтын хас шеберлер тым аз. Шынымен домбыра жасау оңай емес. Ептілікті, шеберлікті, төзімділікті қажет етеді.
Алшағын Жақай, Ақадыр кентінің тұрғыны:
Мен ол домбыраны 6-7 айдай жасаттым. Бұл домбыра жасаған уақытта бетінің қалыңдығы мен менің дауысымның ырғағын бірдей келтірді. Бұл екінің бірі жасай алмайтын дүние. Ойымнан шықты. Беташар айтып, сахнаға алып шығып жүрмін.
«Өнер деген жөтел секілді, сыртқа шықпай қоймайды», дейді Нұриддин шебер. Кейіпкеріміз бала арманын кейінге қалдырмай ата кәсіпті қолға алды. Арманға деген адалдығы мықты шебер етті.
Жандос Бақытұлы
