Маңғыстауда алдағы оқу жылында 9 мектеп пайдалануға беріледі. Білім беру ұйымдары Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынып жатыр. Соның арқасында қыркүйек айында екі ауысымда 25 мыңнан астам бала су жаңа мектепке барады.
9 мектептің алтауы Ақтауда, қалғандары аудандандарда салынып жатыр. Соның бірі қалаға іргелес орналасқан Рауан елді мекенінде. 700-дей түтіні бар ауылда бұрын мектеп болмаған.
Аягөз Оралбайқызы, тілші:
Рауан ауылында мектеп жасындағы 400 бала бар. Олар бұған дейін күн сайын автобуспен 10 шақырымдай жол жүріп, Өмірзақ ауылына қатынап оқыды. Енді, міне, елді мекеннің өзінде жаңа мектеп бой көтерді.
Көпбалалы ана Сымбат Аманғалиеваның 3 перзенті мектепте оқиды. Оларды көрші ауылға бірін таңда, бірін түсте тасу оңайға соқпаған.
Сымбат Аманғалиева, Рауан ауылының тұрғыны:
Балдарды қыстың кезінде ерте тұрғызуы бар, оларды жіберуі бар. Енді автобус тасып тұрғанымен сонда да қиын. Мектепті деген салып жатқанына өте қуаныштымыз. Балдарымыз бұйырса қыркүйектен бастап осы мектепке барады дейді.
Мектептің құрылыс жұмыстары 95 пайыз аяқталған. Білім ордасы екі ауысымда 600 оқушыны қамтиды. «Келешек мектептері» жобасымен салынған білім беру ұйымдарының артықшылықтары көп. Олардың сыныптары кең, үлкен мектептерде бірнеше спорт зал бар. Бастауыш пен жоғары сыныптар бөлек оқиды.
Нұрлыбек Жолбаев, тапсырыс беруші компанияның өкілі:
Бұрынғы мектеп құрылыстарында жалпы сметалық құнның 4-5 проценті қарастырылатын еді техникалық жабдықтарға. Ал бұда 20 процентке дейін қарастырылған. Бұл жерде робототехника кабинеттері қарастырылған, ерекше қажеттілігі бар балаларға инклюзивті оқу мүмкіндіктері қарастырылған.
Облыста бірден 9 мектеп пайдалануға берілгенде, 3 ауысыммен оқу мәселесі 60 пайыз шешіледі. Қазір аймақта 10 мектепте оқушылар үш ауысыммен оқиды. Оның алтауы Ақтау қаласында.
Қыдыр Алдоңғаров, Маңғыстау облыстық Білім басқармасының бас маманы:
«Келешек мектептері» бағдарламасы аясында осы жылы 3 мектеп тапсырамыз. Алдыңғы жылы да 3 мектеп тапсырғанбыз Ақтау қаласында. Демографиялық жағдай өте қарқынды. Соған байланысты біз қазір 60-70 пайызға шешеміз деп ойлаймыз.
Жоспар бойынша 8 мектеп қыркүйекте ашылады. Тек,Ақтауда 16-шағын аудандағы білім ордасы қазан айында пайдалануға берілмек.
Аягөз Оралбайқызы
